Қандай жағдайларда «ораза кәффәраты» қажет?
Қандай жағдайларда «ораза кәффәраты» қажет?
10 жыл бұрын 41240

Ассаламуғалейкум!  Себепсіз ауыз ашып қойған жағдайда, 60 күн ораза ұстау керек екен. 60 кунді үзбей ұстау керек пе, әлде бөліп-бөліп өтесе бола ма?  Ж.Х.

Уағалейкумсалам! Әлдекімнің әдейі бұзған оразасы үшін: бір құл азат етуі тиіс, ол болмаса 60 күн үзбей ораза ұстайды (кәфәрат қазасы), оған шамасы жетпесе 60 пақырды тойдырады[1]. Мұны шариғатта «ораза кәфәраты» дейді.

Алайда кәфәратты қажет еттіреді деуіміз үшін мынадай талаптар табылу керек:

1.Рамазан оразасы. Қаза оразасын немесе нәпіл оразасын әдейі бұзған кісі кәффәрат өтемейді.
2.Әдейі еш себепсіз бұзған болуы керек. Бір себептермен бұзса, яки абайсызда бұзып қойса, немесе біреудің мәжбүрлеуімен ауызын ашып жатса, оған кәффәрат керек емес.
3.Ауырып қалу немесе жолға шығу сияқты зәру жағдайдың болмауы
4.Ораза ұстауға түннен ниет етуі. Әдейі бұзған оразасына түннен ниет етіп ұсталған ораза болуы шарт. Сәресіге дейін ниет етілген ораза болуы керек. Сәресінің уақыты өтіп кеткеннен кейін сол күнгі оразаны ұстауға ниеттенген кісі оразасын әдейі бұзса, оған кәфәрат қажет емес, тек қазасын өтейді. Бірақ әдейі бұзғаны үшін күнәлі болады.
5.Ішке түскен заты адамға қорек болар азық немесе дәрі-дәрмек болуы тиіс және бұларды асқазанға ауыз арқылы барған болуы шарт.  Ал, тас, құм, топырақ сияқты адамға қорек болмайтын заттарды жұтқан болса немесе сасық су, бұзылып кеткен тамақ, қамыр, ұн сияқты әдетте ас боп есептелмейтін заттарды жеген жағдайда  оған тек қаза керек болады, кәфәрат керек емес.
6.Жыныстық қатынас. Әдейі ораза екенін біле тұра қатынасқа түскен болуы керек. 

Осындай жағдайларда әдейі ішіп-жеген кісі немесе жыныстық қатынасқа түскен адам кәфәрат өтеу керек болады. Яғни, Рамазаннан кейін үзбей 60 күн ауыз бекіту қажет. Оразаға шамаңыз жетпесе 60 пақырды тамақтандырасыз.

Бұл Ханафи мен Мәлики мәзхабтары бойынша. Ал,Шәфиғи мен Хәнбәли мәзхабында: ораза кәфәраты тек әдейі жыныстық қатынасқа түскен адамға ләзім. Ішіп-жегені үшін кәфәрат қажет емес. Ол қазасын ғана өтейді, бірақ әдейі бұзғаны үшін Алланың алдында күнәлі. Өйткені хадисте тек жыныстық қатынасқа түскен адам жайында үкім білдірілген дейді олар[2].

[1] Хадис: Бухари – 1936; Муслим – 1111.
[2] Бадаиғ – 2/616 бет; Ибн Ғабидин -6/316 бет; Ибн Рушд: Бидая – 235 бет.

Абдусамат Қасым