45-55° ыстықта жұмыс істеймін, оразаға жеңілдік бар ма?
45-55° ыстықта жұмыс істеймін, оразаға жеңілдік бар ма?
10 жыл бұрын 7973

Менің аузым берік. Бірақ менің жұмысым өте ауыр. Шоколад фабрикасында істеймін. Жұмыстын іші қатты ыстық. Шамамен 45-55 градус болып тұрады. Шыдай алмай кетемін. Жұмыстан шыққаннан кейін автобуста ыстық пробкада тұрам. Ораза ұстап жүргеніме 9 жылдай болды. Бірақ осы жылы өте қатты қиын болып жүр. Мүмкін жұмысымды ауыстырсам ба екен? Не істесем болады? Сумәйя. 

Қадірменді Сүмәйя, шариғатта мынадай қағида бар: «әл-мәшәққату тәжлибут тәйсир». Оның мағынасы: «қиындық жеңілдікті шақырады» деген. Осыған сәйкес жұмыс барысында оразаңыз тағатыңызды таусытып, аса қиындық туғызып жатса, онда ол жағдайда аузыңызды ашуға рұқсат. Тек әр күні ауыз бекіткеніңіз дұрыс. Әлгіндей қиындыққа тап болғанда, аузыңызды ашасыз. Шыдайтындай болсаңыз, сол күнгі оразаңызды ұстаған боласыз. Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды»[1], - десе, тағы бір аятта: «Сендерге дінде қиындық етпедік», - дейді[2].

Бірақ мынаны ескеру керек: Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың аш көздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр. «Алла жеңілдік қалайды екен» деп оразаға селқос қараудың жазасы ауыр екендігін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, мұндай жеңілдік тек аса қатты қиналғанда қарастырылатынын түсінгеніміз жөн.

[1] Бақара сүресі – 185 аят.
[2] Хаж сүресі – 78 аят.

Абдусамат Қасым