Оразада "қысталь-һинди" өсімдігін шегуге бола ма?
Оразада "қысталь-һинди" өсімдігін шегуге бола ма?
2 жыл бұрын 2591

Оразада «хист» шегуге бола ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Қысталь-һинди («әл-Қустуль Һинди») – көбіне Үндістанда өсетін емдік қасиеті бар өсімдік түрі. Үнді елімен қатар, Қытай елінде де бұл шипалы өсімдік арнайы өсіріледі. Үндістанда оны «surabhi» деп атаса, қытай тілінде «Mu Hiang» дейтін көрінеді. Латын тілінде аталмыш өсімдікке "Костус (Costus)" деген ат таққан, (Costus - грек тілінен аударылғанда «шығыстан келген» деген ұғымды білдіреді).

Қысталь-һинди өсімдігінің шипалы екендігін Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) да бірнеше хадисінде айтып кеткен. Ол (с.а.у.) өзінің бір хадисінде аталмыш өсімдіктің жеті түрлі сырқатқа ем екендігін былай тілге алады: «Мына үнді сабағын (العود الهندي) пайдаланыңдар, өйткені онда жеті (түрлі дертке) шипа бар: тамағы ауырған (мендалин) оны мұрнына тамызсын (يُسْتَعَطُ بِهِ مِنْ الْعُذْرَةِ), ал өкпеқабы қабынған (плеврит) оны аузына салады[1](وَيُلَدّ بِهِ مِنْ ذَات الْجَنْب)...».

Бұл өсімдіктің, бүгінде, темекі түрі де шыққан, түтінің жұта отырып емделу тәсілі. Соған орай сауал жолдаушы оқырманның «қист шегуге бола ма» деуінің мәні сол.

Бұл сауалға жауабымыз: шариғатта, соның ішінде Ханафи мәзхабында «түтінді әдейі жұтқан кісінің оразасы бұзылады». Бұл ережеден: «еркінен тыс жұтылған түтін оразаны бұзбайды» деген де үкім шығады, мысалы, көшеде келе жатқанда өртеніп жатқан бір заттың түтіні еріксіз жұтылса, еркінен тыс жағдай болғандықтан, оразасы бұзылмайды.  

Ал сіз айтып отырған қысталь-һинди өсімдігін шегу – ерікті түрде түтінді жұту болып саналатындықтан, оразаңызды бұзады деуге негіз бар. Сондықтан да, олай емделу тәсілін ауызашар уақытына қалдырғаныңыз дұрыс. Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин!  

Абдусамат Қасым