Алған қарызын қайтармай жүре берудің күнәсі қаншалықты?
Алған қарызын қайтармай жүре берудің күнәсі қаншалықты?
1 жыл бұрын 4043

Сәлеметсіздер ме! Менен бір адам қарызға 120 000 теңге ақша алған, процентсіз, жәй ғана көмектесіп едім. Содан бері бір жарым жыл өтті қарызын қайтармай кетті. Кездескенде менімен амандасады, ұялмайды. Осындай "адамның" Алладан алар жазасы бар ма?  Анон.

Сәлеметсіз бе!

Мұсылман дінінде алған қарызын қайтаруға шамасы келе тұра қайтармай кешіктіріп жүре берудің күнәсі ауыр, харам іс. Исламда ол «қиянат» болып саналады. Ол да кісі ақысын жегенмен тең. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.у.а.): «Қарызын қайтармай кешіктіру – зұлымдық» - деп, қатаң сынаған[1]. Ал Құдай Тағала Құранда: «(Қиямет күні) зұлымдық жасаушыларға жәрдемші жоқ» - дейді[2]. Басқа бір аятта «Залымдар азаптан құтылмайды» деп ескертеді[3].

Алайда, расынан да қайтаруға мүмкіндігі болмай жүрген кісілерге кешірім барын да дініміз еске салады. Ондай адамдарға қатысты Алла Тағала «қайтаруға шамасы келгенге дейін уақыт беріңдер» деп бұйырған.

Сондықтан да, қарызыңызды сұрап көріңіз, мүмкін есінен шығып кеткен болар, немесе расында да қарызын өтеуге шамасы келмей жүрген де болуы мүмкін.

Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!  


[1] Имам Бұхари, «Сахих Бұхари». 2288.
[2] «Хаж», 71 аят.
[3] «Әнғам», 21 аят.

Абдусамат Қасым