«Алла» деп айтпа, «Жаратушы» деп айт дейді. Бұған не дейсіздер?
«Алла» деп айтпа, «Жаратушы» деп айт дейді. Бұған не дейсіздер?
2 ай бұрын 4648

Сәлеметсіздер ме! Қазіргі таңда «Алла» деп айтпа, «жаратушы» деп айт дегендер шығып жатыр. Соған жауап ретінде не айтасыз? Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы! Алдымен мынаны біліп алуымыз керек: Жаратушы Құдай Тағаланың барлық есімдері мен сипаттары мәңгі - бастауы жоқ, соңы жоқ. Әзәли. Хақ Тағаланың есімдері мен сипаттары кейіннен пайда болмаған немесе оларды Құдай Тағалаға біреулер есім етіп қойған жоқ.

Және де есім-сипаттарын Құдай Тағаладан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Бүкіл әлем жоқ кезде Құдай Тағала - «Алла» еді. Бүкіл әлем жоқ кезде, Ол - «Жаратушы» еді. Бүкіл әлем жоқ кезде Ол – Алим (білгір) еді және солай Алла болып, солай «Жаратушы» болып, солай «Алим» болып қала бермек. Сол себепті, ешкім «Алла демейік» деп айта алмайды. Мысалы, бір талантты адамды - «талантты» деп айтпайық десек, ол адам «талантсыз» болып қалмайды ғой, өйткені талант – оның ажырамас сипаты, ол сипат онымен туа біткен. Сол секілді, Алла Тағаланы «Алла» демейік деумен, Ол - «Алла» болмай қалмайды. Ол бәрібір «Алла Тағала» болып қала береді. Құранда Құдай Тағала өзін: "Ол - Аллаһ! Одан басқа құдай жоқ, Ол - аса қамқор, ерекше мейірімді..." - деп таныстырған. ("Хашр" сүресі).

Оның үстіне, жаратушының тоқсан тоғыз есімі бар десек, соның ішіндегі ең ұлығы және ең ауқымдысы – «Аллаһ» есімі. Оның арабша түпнұсқасы - «Аллаһ» (الله). «Аллаһ» есімі, бүкіл есімдерінің мағынасын бір өзінде қамтитын бірегей есім. Имам Ғазали айтады: «Алла Тағаланың өзге есімдерінің әрқайсысы өз мағынасын ғана қамтыса, Алла есімі бүкіл иләһи есімдерінің мағынасын қамтиды, және де өзге есімдері мәжәзи мағынада адамдарға да қолданыла беретін болса, «Алла» есімі тура мағынасында да, мәжәзи мағынада да өзінен өзгеге қолданылмайды» - дейді. ("әл-Мақсадуль-Әснә"). Аллаһ есімі, сондай, ұлық есім екен! Кезінде араб мүшріктерінің өздері табынған пұттарына «құдай» деп жалбарынғанымен, оларды (пұттарды) «Алла» деп атауға лайық көрмеген. Өйткені бұл есімнің бір ғана теңдесіз ұлық затқа лайықты екендігін ұғынатын.

«Алла» есімінің тағы бір ерекшелігі - түпнұсқасындағы Аллаһ (الله) сөзінің қай әріпін алып тастасаңыз да Алланың есімі шығады. Мысалы, түпнұсқадағы "الله" сөзіндегі бірінші әріпті алып тастасаңыз "Лилләһ” (لله) сөзі шығады, мағынасы - Алла үшін. Екінші әріпті алып тастасаңыз "иләһ" (إله) сөзі шығады, мағынасы - Құдай. Бастапқы екі әріпін алып тастасаңыз «ләһу» (له) сөзі шығады - Құдайға тән. Үш әріпті де алып тастасаңыз «Һу» (ه) сөзі шығады - Ол Алла.

Ал «Жаратушы» немесе «Тәңір» сөздерінде олай емес. Бастапқы «ж» мен «т» әріпін алсақ «аратушы» мен «әңір" сөзі шығады, мағынасыз. «Жа» мен «Тә» әріптерін алып тастасаңыз «ратушы», «ңір» сөздері пайда болады, бұл сөздердің де Құдай мағынасына еш қатысы жоқ т.б.

Ендеше, Ұлы Жаратушы Хақ Тағала өзін неге "Аллаһ" деп атағанын осыдан-ақ ұғынуға болады.

Қысқасын айтқанда, «Алла» демейік, "Жаратушы" дейік деу – бекер сөз. Алла есімі – «Жаратушы» есімінің мағынасын қамтиды, ал  «Жаратушы» есімі – «Алла» есімінің мағынасын қамти алмайды. Сондықтан да, ондай уәж – келте ойлаушылықтан басқа ештеңе емес. Ал енді "Жаратушы" десек қате ме? Жаратушы десек қате емес, бірақ «Алла демеу керек" дегені қате. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!   

Абдусамат Қасым