Оразада миск жағып, иіс су себінсе немесе иіс суды иіскесе, оразасы бұзыла ма?
Оразада миск жағып, иіс су себінсе немесе иіс суды иіскесе, оразасы бұзыла ма?
2 жыл бұрын 4986

Ораза тұтқан жанға миск жағуға бола ма, болмай ма, "не желательно" дегенді естіп қалып жатырмын. Төрт мәзхабтың бірінде айтылған ба? Исахан.

*Миск - көбіне спиртсіз болып келетін хош иісті әтірдің бір түрі.


Бисмилләһир рахманир рахим

Оразада иіс суларды - «спиртті» және «спиртсіз» деп қараған жөн. 

Ауыз берік кезде спиртсіз иіс суларды жағуға да, иіскеуге де болады, оразаға зияны жоқ. Ханафи ғалымдары «хош иісті суларды қолдану оразаға залалы жоқ» деген. Қазіргі дін ғалымдарынан Доктор Юсуф Қардауи осыған байланысты жауабында: «Рамазан айында иіс су қолдану рұқсат амал. Рамазан айында иіс су қолдануды харам деп те, оразаны бұзады деп те ешкім айтпаған» - дейді1. 

Ал құрамында спирті бар әтірлерді, лаж болса оразада сеппеген абзал дейтін дін мамандары бар, сепкен күннің өзінде аз сепкен жақсы әрі оны мұрынға тақап иіскемеген дұрыс. Себебі, спирт ұшатындықтан, оны иіскеген жағдайда мұрын арқылы ішке белгілі зат енуі мүмкін, сол себепті мұрынға тақап иіскеуден сақтанған жөн.

Ал жалпы алғанда миск секілді хош иістерді жағуға да, иіскеуге де болады, оған ораза бұзылмайды. Сондай-ақ, гүлді иіскеудің немесе баласы мен немересін иіскеудің оразаға келіп-кетер еш зияны жоқ. Өйткені оларды иіскеу арқылы ішке ештеңе енбейді.

Енді, оразада миск қолданбаған абзал дейтін мазхабтар бар ма? - дегенге келсек, деректерге қарағанда кейбір Шәфиғи ғалымдары мен Ханбали мәзхабының кейбір ғалымдары оразада хош иіс қолданбаған абзал деген, ал оразада оны иіскеу, ол ғалымдардың тоқтамынша, мәкруһ болмақ. 

Бірақ Пайғамбарымыздың заманында хош иістер болды, егер хош иістердің оразаға зияны болатын болса, Алла елшісі (с.а.у.) оразада иіс су қолдануды тыйяр еді. Оразада хош иістерді қолданудан тыйған риуаят кездеспеген. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1al-qaradawi net

Абдусамат Қасым