Мұрынға дәрі тамызса, не спрей қолданса, ораза бұзыла ма?
Мұрынға дәрі тамызса, не спрей қолданса, ораза бұзыла ма?
10 жыл бұрын 111399

Сұрақ 1:
Ассаламуғалейкум! Ораза ұстап жүргенде көзге немесе мұрынға дәрі тамызу, оразаны бұза ма? Бибәти Бақытқызы

Сұрақ 2: 
Сәлеметсіз бе! Мұрынға спрей себуге бола ма? Менің тыныс алу жолдарымда кішкене қиындықтарым бар. Соған үнемі спреймен жүрем. Күніне үш-төрт реттен кем емес. Осы жағдайда не істесем болады? Айнұр 

 
 

Уағалейкумсалам!
Көзге тамызған дәрі ішке түспейтіндіктен оразаны бұзбайды[1].

Ал, мұрынға келер болсақ, мұрынның ішкі құрылысы ас өтетін өңешпен байланысы болғандықтан, оған тамызылған дәрінің ішке кетіп қалу қауіпі басым. Сол себептен мұрынға тамызылған дәрінің оразаны бұзады деуге негіз бар. Сондай-ақ, ертеректе ғалымдарымыз мұрынға тамызған дәрі оразаны бұзады деген[2].

Оның үстіне ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәретте мұрынға суды қаттырақ тартыңдар. Бірақ оразада олай істемеңдер (қатты тартпаңдар)»[3], - дей келе мұрын арқылы судың ішке кетіп қалуы мүмкін екенін ескерткен.

Сондықтан да, мұрынға тамызуды кешке ауызашар уақытқа қалдырған дұрыс. Мұрынға көбіне аллергиямен ауыратын кісілер тамызып жататындықтан, оның укол арқылы жасалатын емі болса, соны қарастырған жөн.

Әйтсе де, «спрей» сияқты препараттарды шашқанда дәрі кеңсірікте тұрақтап әрі қарай ішке кетпесе, оразаны бұзбайды. Өйткені, хадисте: «Оразаны ішке түскен нәрселер бұзады, сыртқа шыққан нәрселер емес», - делінген[4]. Оның үстіне Ханафи фиқһ кітаптарында да: «тамызылған дәрі ішке кетпей, мұрында тұрақтайтындай болса, оразаны бұзбайды», - делінеді[5].

 

[1] Фатауаль Хиндия – 1/224 бет.
[2] Тухфатул Фуқаһа – 1/355 бет.
[3] Муснәд Ахмәд ибн Ханбәл - №16035 хадис.
[4] Имам Зайлағи: Насбур риуая, Китабус сиям. 15-хадис.
[5] Ибн Ғабидин: Раддуль мухтар – 6/285 бет. 

Абдусамат Қасым