Пайыздың бәрі харам ба?
Пайыздың бәрі харам ба?
10 жыл бұрын 14745

Әссәләмуғалейкум! Рамазан мүбәрак болсын! Сұрағым мынадай: Кафеде даяшы боп жұмыс істеймін. Кафеге келген клиенттерден "за обслуживание" деп 10% қосып есептейді. Оны 5% бізге жалақы ретінде берсе, ал қалған 5 % арендаға төлейді. Пайыз – харам. Сонда біздің жалақымыз харам ба? Басшылық «пайыз алмасақ ақша жетпейді» дейді. Ақмарал.

Уағалейкумсалам! Рамазан мүбәрак болсын.
Қызмет ақы ретінде алынатын қосымша пайыз – шариғаттағы өсім (риба) түсінігіне кірмейді. Яғни, харам емес деген ойдамыз. Алған жалақыңыз да адал.

Тілімізде қолданып жүрген «Пайыз» сөзі әр заман шариғаттағы өсім (риба) ұғымына жата бермейді. Пайыз деген - әлдебір санның жүзден бір үлесі. Ол «%» белгісімен таңбаланады. Мысалы, жалақының пәленше пайызы болуы мүмкін немесе қызметтің түгенше пайызы болуы мүмкін, яки тауарды бөліп төлеудің пайызы болуы мүмкін т.б.

Шариғаттағы өсім (риба) түсінігіне кіретін  пайыз – ол, несие пайызы. Несие пайызы – несиегердің қарызкерден (борышқордан) белгілі бір кезең ішінде ақшалай қаражатты пайдаланғаны үшін алатын төлемақы[1].

Шариғатта харам деп саналатын өсім жайында қысқаша тоқталар болсақ:

Шариғатта өсімді екі түрге бөліп қарастырады:

1) Құранда харам етілген "несие пайызы" (кешіктіру өсімі). Уақытысында қайтарылмаған қарыз ақшаның уақытын созғаны үшін алынатын артық төлемге – несие пайызы дейді[2]. Басқаша айтқанда, берілген қарыз ақшаны үстеме ақымен қайтарып алу. Қазіргі таңдағы банк жүйесінде берілетін несие қаржысы да осыған кіреді.

2) Пайғамбарымыздың сөзімен тыйым салынған  өсім түрі. Арабабшасы - "рибаль фадл". Таразыға тартылатын бір сортты заттар бір-бірімен айырбас жасарда, бірі екіншісінен артық кетсе пайыз жеген болады. Мысалы, бір грамм өнделмеген алтын, екі грамм сырғамен айырбас жасалса, бір грамм пайыз жеген болады. Себебі, екеуі де - бір сорт, екеуі де - таразыланады. Ал егер, сорттары бөлек болып жатса, бірі екіншісінен артығымен берілсе де, абестігі жоқ, алайда араға уақыт салмай, қолма-қол берілуі шарт. Мысалы, бір грамм алтынды, 5 грамм күміске айырбастаса, айырбас сол жерде, қолма қол берілуі тиіс. Егер 5 грамм күмісті ертең беремін десе, арадағы 4 грамм, НЕСИЕ пайызын тудырады. Мұндағы мақсат - алдап-арбауды, адамдарға келетін шығынды болдырмау.[3] Және бұл - несие пайызына апарар жолдарды жабу шарасы.

[1] http://kk.wikipedia.org/wiki/Несие­_пайызы
[2] Проф.Доктор Уахбатуз Зухайли, Уажиз филь Фиқхиль Ислами 97 б.
[3] Уахбатуз Зухайли, аль Муамалатуль Малиятуль Муасыра 48 б. Дамаск;  Саадуд Дин Мұхаммәд аль Киби, аль Муамалатуль Муасыра 154 б. Бирут.

Абдусамат Қасым