Мұхаррам айында қай күндері ораза ұстаған абзал?
Мұхаррам айында қай күндері ораза ұстаған абзал?
1 жыл бұрын 1969

Мұхаррам айында қай күндері ораза ұстаса болады?

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мұхаррам айында ораза ұстаудың артықшылығын өзінің хадисінде баян еткен. Алайда, дәл қай күндері ораза ұстау керектігін нақты айтпай, үмбетінің еркіне қалдырған. Сондықтан да, қалаған кісі аптасына бір рет, қалаған аптасына екі рет, тіпті бір ай бойы ораза ұстаймын деушілерге де рұқсат. Дегенмен, кейбір риуаяттарға қарай отырып Мұхаррам айының мына күндерінде ауыз бекіткен абзалырақ деуге болады: Бейсенбі, жұма және сенбі күндері.

Сахаба Әнәстан жеткен бір риуаятта былай делінеді:

من صام ثلاثةِ أيامٍ من شهرٍ حرامٍ : الخميسَ والجمعةَ والسبتَ ؛ كتب له عبادةُ سنتينِ

«Кім харам айларының бірінде бейсенбі, жұма және сенбі күндері ауыз бекітсе, оған екі жылдық құлшылықтың сауабы жазылады»1.

Мұхаррам айы да харам айларына жататындықтан, бұл айда да бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстаған абзалырақ. Олай еткен кісіге екі жылдық құлшылықтың сауабы беріледі екен. Осы орайда, екі жылдық сауапты алу үшін апта сайын аталмыш күндері ораза ұстап тұру керек пе, әлде бір аптасында ғана үш күн ұстаса бола ма? деген сауал ойға оралады. Бұған қатысты хадисші ғұламалар «Хадистің беткі мағынасына қарағанда, аталмыш күндері бір рет ұстаған кісіге екі жылдық сауап жазылатындығын ұғынамыз» деген2. Демек, осы айда бір рет үш күн, яғни, аталмыш күндері ораза ұстаған кісіге екі жылдық сауап жазылады екен, ал апта сайын аталмыш күндері ораза ұстайтын кісіге, соған сәйкес сауабы да еселенетіні айтпасақ та түсінікті. Және айта кету керек қаза оразасы бар кісілер де ұстай береді. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Имам Суюти: «әл-Жәмиъус Сағир», №8785.
2  әл-Мәнәуи: «Файдуль Қадир». №8785 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым