Үйде майкамен намаз оқыса бола ма?
Үйде майкамен намаз оқыса бола ма?
10 жыл бұрын 13451

Ассаламуғалейкум! Үйде майкамен намаз оқыса, намаз дұрыс бола ма? Ермек.

Уағалейкумсалам! Намазда жабылуы тиіс жерлерін жауып, үстіне көйлек кимей, ер кісі тек майкамен ғана намазға тұрса, оқыған намазы бұзылмайтыны анық. Бірақ өзге киетін киімі бола тұра, майкамен намаз оқу - әдеп жағынан құпталмайтын әрекет екенін де білгеніңіз жөн.

Хадисші Байһәқидің риуаят етуі бойынша Әзірет Омар Нәфиъдің бір киіммен намаз оқып жатқанын көреді. Сонда оған қарап:

-  Саған екі киім берілген жоқ па еді?, - деп сұрайды.

-  Иә - дейді Нәфиъ. Әзірет Омар:

-  Егер мен сені Мәдинадағы әлдекімге жөнелтсем, осы бір киіммен барар ма едің? – деп тағы сұрайды.   

-  Жоқ, дейді. Сонда Әзірет Омар:

-  Олай болса, қайсысы сәнденуіңе лайығырақ: Алла ма, әлде адамдар ма?! – деген екен[1].

Ендеше, мұсылман кісі намазға қалай болса солай емес, Ұлық Жаратушының алдында тұрғандығын сезініп, үстіне киетін киімін де мүмкіндігінше ретке келтіруді ұмытпауы тиіс. 

[1]Әл-Бәйһәқи - №3175 хадис.

Абдусамат Қасым