«Тәспих» намазы жайында айтылған хадисті сахих емес дейді, қаншалықты дұрыс?
«Тәспих» намазы жайында айтылған хадисті сахих емес дейді, қаншалықты дұрыс?
1 жыл бұрын 2145

Ассаламуалайкум! Тасбих намазы туралы айтылған хадис сахих па? Маған тәсаған тасбих намазы жайлы хадис жіберіңізші дәлелімен, бір досым «сахих емес» деп сенбейді.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Тәспих намазына байланысты біраз хадистер келген. Соның ішіндегі сәнәд тұрғысынан ең көркемі - Имам Тирмизи, Ибн Мәжә және Әбу Дәуідтің хадистер жинағында орын алатын сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен нұсқасы (р.а.). Мәліметтерге қараған, Имам Мүслім хадистің осы нұсқасына қатысты: «Тәспих намазға қатысты сәнәді ең көркем болған хадис осы» дегендігі келтірілген. Әбу Дәуідтің ұлы (р.а.) аталмыш риуаятқа қатысты: «Әкем (Әбу Дәуід) тәспих намазына қатысты осыдан басқа сахих хадис жоқ деген еді» деген сөзі бар.

Және де мәліметтерге қарағанда Имам Дәруқутни, әл-Хәким, Әбу Дәуід, Имам Суюти, Ибн Хажар әл-Асқалани сынды хадисші ғұламалар хадистің осы нұсқасын сахих деушілердің арасында. Сондай-ақ, хадисші Насуруддин Әлбәни де хадисті сахих деген. Тіпті оның осыған қатысты берген жауабының бірінде: «Тәспих намазы - Алла елшісінен нақты жеткен сүннет амал болып табылады. Оған қатысты айтылған хадисті ілім иелерінің біразы «сахих» деп бағалаған. Ал Имам Ахмедтен екі пікір жеткен. Имам Ахмедтің соңғы пікірінде ол хадисті сахихке шығарғандығы айтылады...» дейді шейх Әлбәни.

Ендеше, тәспих намазына қатысты келтірілген хадистердің арасында әлсіздері бар болғаны сияқты, сахихы да бар екен. Тәспих намазына қатысы көпшілік ғалымдардың «сахих» деп бағалаған хадистің аудармасы келесідегідей:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) Абдульмұтталибұлы Аббасқа былай деп айтты: «Уа, Аббас! Уа, Көкесі! Саған бір нәрсе берейін бе!? Саған бір нәрсе сыйлайн ба? Саған ерекше пайдалы он істі білдірейін бе? Егер сен сол он істі істейтін болсаң – Алла Тағала сенің әуелгі күнәларыңды және кейінгі күнәларыңды, ескі күнәларыңды және жаңа күнәларыңды, қателікпен істеген күнәларыңды және әдейі істеген күнәларыңды, кіші күнәларың мен үлкен күнәларыңды, әрідесе жасырын немесе жария істеген күнәларыңды түгел кешіреді. Бұл он пайдалы іс төмендегінше (атқарылады):

«Төрт рәкәғат намаз оқисың. Әр рәкағатында «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқисың. Бірінші рәкәғатта сүре оқып болғаннан кейін қиямда тұрған күйы он бес мәрте былай дегін: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар». (Он бес рет осылай айтқаннан кейін) рүкуға бар. Рүкуғда тұрған күйі аталмыш тәспихты он рет айт. Одан кейін рүкуғтан бас көтергеннен соң, әлгі тәспихты он рет айт. Одан соң сәждеге бар. Сәждеде жатқан күйі әлгі тәспихты он рет айт. Кейін сәждеден бас көтергенде (отырған күйі) тағы да он рет айт. Одан кейін екінші мәрте сәждеге бар. Бұл жолы да әлгі тәспихты он рет айт. Басыңды сәждеден көтергеніңде тағы он мәрте айт. Осылайша, бір рәкәғаттың өзінде жетпіс бес мәрте айтасың. Дәл осы ретпен төрт рәкәғаттың бәрінде орындап шық.

Шамаң келсе, тәспих намазын әр күні оқы, олай етпесең, бір жұмада оқуға тырыс. Жұмасына бір рет оқи алмасаң, айына бір рет оқы. Оған да мүмкін болмаса, жылда бір рет оқы. Жылда бір рет оқуға мүмкіндік болмаса, өмірде бір рет оқы»1.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Имам Тирмизи: «Сүнән». №482 хадис. 

Абдусамат Қасым