Сүндетке отырмаған адам намаз оқи ала ма?
Сүндетке отырмаған адам намаз оқи ала ма?
1 жыл бұрын 2764

Дінге енді кірген адам сүндетке отырмаған болса, намаз оқи ала ма?

 

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Құрметті сауал жолдаушы, мұсылман дінінде сүндетке отыру маңызды діни рәсімдердің бірі болып саналады. Қазақ халқы сүндетке отыруды мұсылман болу деп есептеген. Өйткені, аталмыш амал мұсылмандықтың бір нышаны саналады. Тіпті бір мұсылман елді-мекенде бұл амал тәрк етіліп, ұмыт қалған болса, өкімет ол амалдың қайта жандануын міндеттеуі тиіс шариғатта. Осыдан да, сүндетке отырғызу амалының мұсылман дінінде қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады. 

Алайда, сүндетке отыру амалы - мұсылман дінін қабылдаудың алғы шарты емес екендігі рас, кісі онсыз да мұсылман дінін қабылдай береді, алайда кәлима айтып мұсылман дініне өткен ер адамның мүмкіндігінше сүндетке отырғандығы міндетті болмаса да, ұнамды саналған. Өйткені, бұл бір шеті тазалық және денсаулық кепілі, екіншіден - мұсылман болғандығының бір нышаны. Оның үстіне, Алла елшісінің жаңа мұсылман болған бір ер адамға «ألق عنك شعر الكفر واختتن – Күпірлік шашын алып таста және сүндетке отыр» дегендігі кейбір әлсіз риуаятта айтылады. 

Әйтсе де, бұл сүндетке отырмаса намаз оқи алмайды деген сөз емес, сүндетке отырмаған болса да намаз оқи алады және оқыған намазы дұрыс болып есептеледі, бастысы іш дәрет аларда мүшенің сүндет бөлігінде зәр қалдығы қалып кетпей, таза жуылғандығына мән бергені абзал.

Әлхамдулилләһи Раббил аләмин!

Абдусамат Қасым