Кітап оқығанда ойымды кітапқа шоғырландыра алмаймын, не істесем болады?
Кітап оқығанда ойымды кітапқа шоғырландыра алмаймын, не істесем болады?
7 ай бұрын 1534

Әссәләму аләйкум! Көп ойланып жүремін. Намазда да үнемі ойым басқа жақта тұрады не істесем болады? Қалай ықыласпен оқысам болады? Және кітап оқиын десем де ойымды жинақтай алмаймын? Нұрбек.

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен намаз оқып тұрғанда ойды жинақтаудың бір екі тәсілін айта кетелік.

  • Жайнамазға аяқ басқаннан дүниелік ойларды жиыстырып, Алланың алдында тұрмын деген ойға келіңіз: Ол мені көріп тұр, маған қарап, біліп тұр деген ойда болыңыз.
  • Әр қимылдағы «Аллаһу әкбар» деген тәкбір сөзін өзіңіз еститіндей күбірлеп дауыстап айтыңыз. Күбірлеп «Аллаһу әкбар» деген сайын ойыңыз намазға оралады және мүмкіндігінше әр «Аллаһу әкбар» деген сайын «Алла ұлық» деп ойша қайталап тұрыңыз. «Сәмиъаллаһу лимән хамидәһ» дегенді де өзіңіз еститіндей күбірлеп айтыңыз.
  • Ақыреттегі жағдайыңызды ойлаңыз, қабірдегі жағдайыңызды ойлаңыз. Қабір мен өлімді ойлау дүниелік ойды қуып, намазға шоғырлануыңызға септігін тигізеді.

Ал енді кітап оқығанда ойды қалай жинақтаса болады дегенге қатысты өзіміздің тәжірибемізден біршама кеңестерімізді айталық, пайдасы тиеді деген үміттеміз. Кітап оқу үшін:

1) Оңтайлы бос уақытты таңдаңыз. Мысалы, кешке жұмыстан келгеннен кейін, кешкі асыңызды ішіп, бала-шағамен әңгімелесіп болып, сосын әркім өз шаруасына жөнелген сәтте, сіз де қолыңызға кітабыңызды алыңыз да оқыңыз. Айтпақшы, кітап оқуға ең оңтайлы сәт - таң намазына дейінгі сәт!

2) Істелуі керек маңызды істеріңіз болса, алдымен соларды істеп алыңыз, әйтпесе, ойыңыз сол істеу керек істерде тұрады. Мысалы, намаз оқу керек болып тұрса, алдымен намазыңызды оқып алыңыз немесе тамақ жасау керек болса, тамақ жасап алыңыз, дүкенге бару керек болып тұрса, дүкенге барып келіңіз т.б.

3) Кітап оқитын кезде міндетті түрде қолыңызда қалам болсын. Қолыңыздағы қаламмен кітаптағы маңызды жерлерді сызып отырыңыз. Бұл, біріншіден - ойыңызды кітапқа шоғырландыруға көмектеседі, екіншіден - кейін кітапты қайта оқыған кезде маңызды жерлерді еске түсіріп, миыңызға сақтап алғанға оңай болады. Өйткені, кітап құр ғана уақыт өткізу үшін емес, сіздің біліктілігіңізді арттырар құрал болуы тиіс.

4) Қасыңызда блокнотыңыз болсын. Кітаптың маңызды жерлерін блокнотқа түртіп отыруды әдетке айналдырған жөн. Мұның бәрі кітап оқу барысында ойыңызды кітапқа шоғырландыруға көмекші болмақ.

5) Дене шынықтыру жаттығулары немесе қара жұмыстар миды тынықтырады. Егер мүлдем кітап оқи алмай жатсаңыз, жаттығу жасаңыз. Жаттығу жасап келіп оқысаңыз, қонымды болады.

Ұмытпаңыз, кітап оқу - адамның мәдениеттілігін арттырады, адамның сөйлеу мәнері өзгереді, жұрыс-тұрысы дұрысталады, ой өрісі кеңейеді. Кітап оқымаған адам қараяды. Кітап сізге ештеңе бермеді деген күннің өзінде сөздік қорыңыз дамыған болады, дұрыс жазып үйренесіз.

Сөз соңында, бәріңізге белгілі мына қасиетті аятты келтірелік:

«Оқы! (Бүкіл болмысты) жаратқан Раббыңның атымен; Ол - адамды ұйыған қаннан жаратқан; Оқы! Раббың аса ардақты; Ол қаламмен үйретті; Ол адамға білмегенін білдірді». (Құран, «Аляқ» сүресі, 1-5 аяттар). 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым