Қалтаға насыбай салып намаз оқыса бола ма? Намаз санала ма?
Қалтаға насыбай салып намаз оқыса бола ма? Намаз санала ма?
3 жыл бұрын 4581

Әссәләму ғаләйкум, ұстаз! Намазда тұрғанда қалтада «ауыр мәкрух» зат болса не болады? Ол еске тәкбір айтып құлақ қаққанда еске түссе, не істеу керек?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Насыбай атудың үкімі ең жоқ дегенде «харамға жақын мәкруһ». Сол себепті, насыбай, темекі дегенге мұсылман адамның құмартпағаны дұрыс.

Ал енді намаз оқып тұрған кісінің қалтасында насыбай тұрса, ол қаншалықты зиян? Намаз санала ма, әлде саналмай ма? – дегенге жауап беру үшін, алдымен насыбайдың құрамына қарау керек. 

Ақпараттарға қарағанда қазіргі таңда насыбай «тауықтың саңғырығының ерітіндісіне» шыланады екен. Ол насыбайға қосылатын темекі үгіндісі т.б. қоспаларды біріктіру үшін қажет деседі.

Тауықтың саңғырығының үкімі?

Тауықтың саңғырығы Ханафи мәзхабында «ауыр нәжістер» қатарынан саналады[1]. Тауық, үйрек, қаз дегендердің саңғырығы - «ауыр нәжіс». Ауыр нәжістің «дирһамның көлемінен» көбі намазға зиян делінген[2]. Оны «алақан ойығынан көбі» десек болады (немесе шамамен қазіргі темір елу теңгенің көлеміндей).

Имам Жассас: «Олардың бәрі (үш имамның үшеуі де), тауықтың саңғырығында «дирһәмның көлемін» негізге алған»[3] - дейді кітабында.

Демек, денеге немесе киімге алақан ойығының көлемінен көп мөлшерде тауықтың қағы жағылса, намазға зиян, намаз саналмайды, ол жерді жуып барып, намазды қайта оқу керек.

Қалтада насыбай тұрса не болады?

Ал енді насыбайды «тауықтың саңғырығының еріндісіне» шылайтындықтан, насыбайдың әр түйірі «нәжіс суды» сіңіреді деген сөз. Сонда бір пакет насыбайда қанша нәжіс бар екенін, өзіңіз топшылай беріңіз. Сол себепті, қалтасына насыбайдың бір бумасын салып, намаз оқыған кісінің намазы саналмайды деуге болады, онысы - қалтасына нәжіс салып оқығанмен тең. Насыбайды алып тастап, қайта оқуы керек.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд», 150 бет; Имам Самарқанди: «Түхфәтуль Фуқаһа»; Имам Жассас: «Шарху Мухтәсарит Тахауия» - «Бәбу Салату биннәжәсәти».
[2] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд», 151 бет.
[3] Имам Жассас: «Шарху Мухтәсарит Тахауия» - «Бәбу Салату биннәжәсәти».

Абдусамат Қасым