Түшкірген кезде "Жаракәмалла" деп айтуға болмай ма?
Түшкірген кезде "Жаракәмалла" деп айтуға болмай ма?
2 жыл бұрын 25570

Ассаләмуғалейкум! Қайырлы күн! Түшкірген кезде «Жаракамалла» деп жататындар бар. «Йәрхамукәллах» деп айту керек деп айтады ұстаздар. «Жаракамалла» деп айту қаншалықты қате? Айбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сүннет бойынша түшкірген адам:  الْحَمْدُ لِلَّهِ / «әлхамдулилләһ» дейді.

Оны естіген қасындағы мұсылман:  يَرْحَمُكَ اللَّهُ / «йәрхамукәлла» деуі тиіс.

Ал түшкірген кісі оған жауап ретінде:   يَهْدِيكُمُ اللَّهُ وَيُصْلِحُ بَالَكُمْ / «Йәһдинә уә йәһдикумуллаһ уә юслих бәләкум» деп айтады[1].

«Жаракәмалла» деп айту қате ме?

Ал енді «Жаракәмалла» сөзіне келсек. Бұлай айтудың дұрыс, не бұрысын нақты айта алу үшін, алдымен: ол сөз қайдан шыққан? Мағынасы бар ма? Мағынасы болса қандай мағына береді? – деген сауалдарға жауап іздеп көру керек.

Ол сөзді «йәрхамукәллаһ» сөзінің өзгертілген түрі деушілер бар. Бұл да қате емес. Бірақ, менің ойымша, бұл сөз өз алдына бөлек бір сөз болуы керек. Тарқатып айтар болсам:

«Жаракәмалла» деген сөз, негізінде арабша сөз. Оның түпнұсқасы - «ЖарукумулЛаһ» (جَارُكم اللهُ ). Кейін айтыла-айтыла «жаракәмалла» болып өзгеріп айтылып кеткен сияқты. «Жарукумуллаһ» сөзінің мағынасы: «Алла - сендерге жақын болсын», «Жақындарың - Алла болсын», «Паналарың – Алла болсын», "Алланың панасы мен жәрдемі сендерге жақын болсын" деген мағыналарға саяды.

Араб ұлтында «Жаруллаһ» деген адам есімі бар (جارُ الله ). Мысалы, 19-20 ғасырларда өмір кешкен атақты татар дін қайраткері, жазушы Мұса Жаруллаһты (1878-1949 ж.) айтсақ болады. Және де әйгілі Құран тәпсіршісі Имам Зәмахшаридің есімі «Жаруллаһ» болатын. «Жаруллаһ» дегеннің мағынасы: «Аллаға жақын адам» дегенді білдіреді. Ал ортаға «Кум» есімдігін қыстырып «Жәрукумуллаһ» десек, «Алла сендерге жақын болсын», «Алла сендерге пана болсын» деген мағына шығады.

Бұнымен қатар, аталмыш сөздің парсы тілінен келген бе деген де ой келеді. Парсы тілінде «Жар» сөзі бар (يار /«Йәр»). Парсы тілінде «Жар» сөзі - «дос», «серік», «жолдас», «сүйікті» деген үғымдарды білдіреді. Мысалы, қазақта ерлі-зайыптыларды «жар» деп атайды, бұл сөздің де түбі парсы тіліндегі - «Йәр» сөзінің қазақшадағы нұсқасы. Ендеше, «Жаракәмалла / Жарукумулла» сөзін фариси сөз десек те, оның мағынасы - «Қолдаушың Алла болсын», «Досың Алла болсын» дегенді білдірмек.    

Қорыта айтқанда, халық арасында қолданылатын «Жаракәмалла» сөзі негізінен алып қарағанда арабша сөз. Оның түпнұсқасы: «Жарукумуллаһ» деген ойдамыз. Олай болған жағдайда мағынасы: «Сендерге Алла жақын болсын», «Сендерге Алла пана болсын» дегенді білдірмек. Түшкірген кісіге қарасты олай айтудың ағаттығы болмас. Десе де, сүннетке сай айтам деуші мұсылман «йәрхамукәллаһ» дегені абзалырақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі былай де бұйырған:  «Сендерден кім түшкірген болса «әлхәмдулилләһ» деп айтсын. Оған жолдасы не дін бауыры: «йәрхамукәллаһ» десін. Оған «йәрхамәкәллаһ» деп айтқаннан кейні, (түшкірген) кісі: «йәһдикумуллаһу уә юслих бәләкум» десін». Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №6224 хадис.

 

Абдусамат Қасым