Неге күндізгі намаздар іштей, ал түнгі намаздар дауыстап оқылады?
Неге күндізгі намаздар іштей, ал түнгі намаздар дауыстап оқылады?
7 жыл бұрын 65901

Ассаляму'алейкум уа рахматуллахи уә бәрәкәтух! Неге күндізгі намаз іштей, ал түнгі намаз дауыстап окылады? Әлиби

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахаба Әбу Һурайра былай дейді:

"Алла елшісі жария еткенін (жария оқығанын), біз де сіздерге жария еттік. Жасырғанын (жасырын оқығанын) біз де сіздерге жасырдық". [Сахих Мүслім – №42 (396) хадис]

Бәріңізге белгілі болғандай бес уақыт намаздың үшеуі жария оқылса, күндізгі екеуі (бесін және асыр) іштей оқылады. Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) үйретуі солай. Мұның сыры аят-хадистерде ашық айтылмағандықтан, мәнісін Ислам ғұламалары әртүрлі топшылаған.

Мысалы, IX-X ғасырда өмір сүрген хадисші әрі фиқһ білгірі ғұлама Қазы Аяз (Ъияз. М.1083-1149 ж) «Сахих Мүслимге» жазған шархында (түсіндірмесінде) аталмыш мәселеге қатысты былай деп өтеді:

«Кейбір «Мағына иелерінің» ойынша, түнгі намаздардың жария, ал күндізгі намаздардың іштей оқылуының хикметі (мәні, сыры, астарындағы даналығы) - Әзіреті Омар (разияллаһу анһ) айтқандай, түнде шайтандар қуылып, ұйқы қысқандардың ұйқысы ашылу үшін. Неге десеңіз, кешкі уақыт – шайтандардың жер бетіне таралып, қожалық ететін кезі. Бұл жайында Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) айтып өткен. Және Ол (ғ.с.) сол сәтте балаларды шығармауды бұйырған. Таңғы мезгілде де шайтандар ұйқыдағы адамдардың бойын билеп, олардың шүйделеріне түйін түйетін уақыттар [1]. 

Ал енді осы (шайтандар көп жүретін) уақыттарда дауыстап қырағат ету – шайтанды намаз оқушылардан алыстатып, оны түнде намазға тұрғандардан қуады. Адамдардың көңілдерін шайтанның уәсуәсінен тазартып, құлақтары мен жүректерін қырағатқа шоғырландыруларын қамтамасыз етеді...

Бұнымен қатар, түнгі намазға жиналған жамағат арасында ұйқы қысқандары кездесуі мүмкін. Намазды дауыстап оқу арқылы ұйқысы келгендердің ұйқысы ашылып, сергектік тудырады... 

Осы екі жөнінен қарағанда, күндізгі уақыттар ондайдан дін аман. Күндіз адамдарды ұйқы қыспай, көбіне сергек жүреді. Намаз уақыттарын жібермей қадағалайды. Оның үстіне, күндізгі уақыт - шайтандардың жайылатын уақыт емес. Сол себепті де, күндізгі намаздарды іштей оқумен шектелген болса керек», - дейді ғұлама[2]. 

Оның мәнін сонау Исламның алғашқы жылдарындағы саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланыстыратын ғалымдар да бар. Мысалы, өткен ғасырдың соңында қайтыс болған тәпсірші ғалым Имам Шағрауи (р.а.) аталмыш сұраққа былайша жауап берген:

«Оның сыры - Исламның бастапқы кезеңінде мұсылмандар әлсіз тұғын. Олар таңғы уақытта дұшпандар үйлерінде ұйықтап жатқан мезетте намазды дауыстап оқитын еді. Ақшам мен құптан намаздарын да жария оқыды. Себебі, кәпірлер кешқұрым бейғамдылық танытып, елемейтін. Ал, күндіз дұшпандар ояу болып, әр жерді торып жүретіндіктен мұсылмандар бесін мен асырды іштей оқыды. Ислам күшейіп, мұсылмандар қуаттанғаннан кейін де бұрыңғы үрдіс сол күйінше өзгермей екі намаз іштей оқылып, қалған үш намаз дауыстап оқыла берді...»[4].

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Хадисте былай делінген: «Шайтан әрбірлеріңнің бастарының шүйдесіне ұйықтап жатқан кезде үш түйін түйеді».
[2] Әбу Фазл Қазы Аяз: «Икмәлуль Муълими бифәуәиди Муслими». №42 (396) хадис шархы.
[3] Фәтәуә әш-Шағрауи.  217 бет.

Абдусамат Қасым