Намаздың соңғы отырысына отырмай қиямға тұрып кетсе не болады?
Намаздың соңғы отырысына отырмай қиямға тұрып кетсе не болады?
10 жыл бұрын 9514

Әссәләму алейкум! Ұстаз, намаздың соңғы отырысына отырмай  қиямға тұрып кетсе, намазды қайта оқи ма? Хамза Исаков

Уағалейкум әссәләм, Хамза! Алдымен мынаны айта кету керек: Төрт рәкәғатты парыз намаздардың әуелгі «тәшәһһуд» отырысына отырудың үкімі – уәжіп[1]. Соңғы отырысына отырудың үкімі – парыз. Бұл дегеніміз, біріншісін орындамаған жағдайда намаз соңында сәһу сәжде жасайды, ал, екіншісінде - (егер қайта отырмаса), намазы бұзылады.

Фиқһта намаздағы тәшәһһуд отырысын - «қағда» десе, тіке тұруды - «қиям» деп атайды.

Сіздің сұрағыңызға келер болсақ, бұған қатысты Ханафи кітаптарында былай делінеді:

  • Парыз намазының соңғы отырысына отыруды ұмытып, қиямға толықтай* тұрып кеткен кісінің әлгі қателігі  сәждеге бармай жатып есіне түссе, бірден тәшәһһуд отырысына отырып, дұғадан кейін сәһу сәждесін жасайды. Мысалы, бесін намазындағы парыз намаздың соңғы отырысына отырмай бесіншіге тұрып кеткен кісінің отырмағаны сәждеге бармай жатып есіне түссе, бірден тәшәһһуд отырысына отырады. Тәшәһһуд дұғасынан кейін әдеттегідей сәһу сәждесін жасайды.
  • Ал, бесінші рәкәғаттың сәждесіне барып қойғаннан кейін отырмағаны есіне түссе, намазы бұзылады. Ондай кезде парызын қайтадан оқуы тиіс. Оқыған намазы нәпілге айналады.

*ЕСКЕРТУ: Қиямнан гөрі қағдаға жақынырақ болған сәтінде тәшәһһуд отырысына отырмағаны еске түссе, бірден отырып әдеттегінше намазын тәмәмдайды. Бұл кезде «сәһу сәжде» жасаудың қажеті жоқ[2].


[1] Бұл кезде кері отырмай, намазын толықтай оқып, соңында сәһу сәждесін жасайды.
[2] Әл-Мәрғинәни: әл-Һидая – 1/190 бет. 

Абдусамат Қасым