Намаз уақыты кіргенде кісі ол намазды оқымай тұрып қайтыс болса, сол намаздан сұрала ма?
Намаз уақыты кіргенде кісі ол намазды оқымай тұрып қайтыс болса, сол намаздан сұрала ма?
1 жыл бұрын 2767

Ассалаумағалейкум. Мынандай сұрақ. Егер адам намазы кірген уақытта бірден оқымай о дүниелік болып кетсе (бірақ намаз уақыты әлі шықпады), оқып үлгермеген намазы үшін күнә көтере ме? Кешіктірудің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір намаздардың кешіктіріліп оқылуы мұстахаб, мысалға. Сол сияқты, шыққан шаруаға байланысты немесе себепсіз жеткілікті уақыт бар деп бірден оқымаған болуы мүмкін. Осыны бірнеше тұрғыдан жауап берсеңіз. Жауабыңызға Алла разы болсын! Өмір.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Амалдар - ниетке байланысты. Уақыты кірген намазды уақыты шыққанға дейін өтеуге мүмкіндік танылған, сондықтан, уақыты кіре сала оқуы міндетті емес. Сол себепті, егер бір мұсылман мұстахаб уақытында оқимын деген ниетпен намазын дәл уақытында оқымай, кейінге қалдырса, алайда сол арада дүние салса, ол намазы үшін сұралмайды. Өйткені намаздың белгілі уақыты бар, сол уақыт ішінде намазын аздап кешеуілдеткені үшін күнәһар саналмайды, күнәһар саналмағандықтан да сұралмайтындығы анық. Әрине, егер намазды мәкруһ уақытына дейін себепсіз кешіктірсе немесе намазды шығар-шықпас сәтке дейін себепсіз оқымаса, онысы үшін сұралады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Алла Тағала жасаған құлшылықтарымызды кем-кетігімен толықтырып қабыл етсін! Өзімізді және ұрпақтарымызды намаз оқушылардан қылсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

Абдусамат Қасым