Қиямет күні «Сырат» көпірінен басқа, «Қантара» дейтін көпір болады дейді, сол рас па?
Қиямет күні «Сырат» көпірінен басқа, «Қантара» дейтін көпір болады дейді, сол рас па?
1 жыл бұрын 6093

Ассалямуалейкум! «Қантара» көпірінде кісі ақысы шешіле ме? Сонда сол көпірге келгенде біреу біреуді ақысы үшін кешірмеген болса, Жәннатқа кіре алмай қалады, солай ма? Ақерке.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Қантара» сөзі, тілдік мағынада «тастан өріліп соғылған арка тәріздес көпір» деген мағынаны білдіреді. Ақыретте «Сырат» көпірінен басқа «Қантара» көпірі деген де болады. Бұған өз алдына бөлек көпір деп түсіндірме берген ғалымдар бар, бөлек көпір емес, «Сырат көпірінің» жалғасы деп топшылаған ғалымдар бар.

Үлкен хадисші ғұлама Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) бұған қатысты былай деген:

«Хадисте айтылған «Қантара» жайында әртүрлі пікір бар. Бірінде, оның «Сырат» көпірінің пейіш жағындағы жалғасы десе, бірінде оның өз алдына бөлек көпір екендігі айтылған» - дейді ғалым.

«Сырат» көпірі – мұсылманы бар, мұсылман емесі бар, барлық пенденің өтетін тозақтың үстінде орналасқан көпірдің аты,  әрі ол негізгі өтілу керек көпір болып есептеледі. Мұны кейбір ғалымдар «Үлкен көпір» деп те атайды. Бұл көпірден: ешкімнің ақысын жемеген, күнәсінан сауабы көбірек болған дініне берік мүмін-мұсылмандар өтеді, ал кәпірлер мен әркімнің ақысына кірген залымдар және өмірі күнә істеумен өткен пенделер өте алмай тозаққа құлайды.

Алланың рахымдылығымен тозаққа құламай «Сырат» көпірінен аман-есен өткендер – пейіштік. Алайда оларды сырат көпірінен өткеннен соң да, пейіш пен тозақ арасында орналасқан «Қантара» көпірі күтіп тұр. Олар "Қантара" көпіріне жеткенде періштелер оларды тоқтатады. Сөйтіп бұрын бір-біріне өткен ақылары бар болса, бір-бірімен өтеседі. Әрине, бұлар - біреудің ақысына аз кірген, сауабы күнәсінан көп болған мүміндер, ал керісінше күнәсі сауабынан көп және кісі ақысына көп кіргендер – олар, жоғарыда айтып өткеніміздей, негізгі үлкен көпір «сырат көпірінен» өте алмай тозаққа құлайды.

Сырат көпірінен аман өтіп, Қантара көпірінде тоқтатылғандар бір-біріне өткен ақылары бар болса, сауаптарынан өтеп, артынан тап-таза күйлерінше бәрі пейішке кіргізіледі. Олар пейіште сауаптарының мөлшеріне қарай әртүрлі деңгейлерде болады.

Бұған байланысты хадисте былай айтылған. Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен бұл хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деп хабар берген:

«Иманды мүмін-мұсылмандар тозақтан аман өткеннен кейін, пейіш пен тозақ арасындағы «Қантарада» тоқтатылады. Қантарада олардың дүниеде бір-бірлеріне өткен ақылары болған болса, өтеседі. Қашан тазарып, арылғаннан соң, пейішке кірулеріне рұқсат беріледі. Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етейін, олардың әрбірі өзінің дүниедегі үйін танығаннан да жақсырақ пейіштегі үйлерін танитын болады» - деп сүйіншілейді Алла елшісі (с.а.у.).  

Алла Тағала баршамызды сырат көпірінен аман-есен өтіп, пейішке кіретіндерден етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым