Намаз оқымайтын, бірақ, өзін мұсылман санайтын кісінің сойған малының еті адал ма?
Намаз оқымайтын, бірақ, өзін мұсылман санайтын кісінің сойған малының еті адал ма?
10 жыл бұрын 23251

Әһли сүннет сенімі бойынша, Аллаға сеніп, Мұхаммедті пайғамбар деп қабылдаған кісіні намаз, ораза сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны себепті иман шеңберінен шығармаймыз, яғни, кәпір демейміз. Бірақ дін бұйрықтарын орындамағаны себепті күнәһар мұсылман ретінде саналады. Жүрегінде иманы бола тұра, намаз, ораза секілді дін бұйрықтарын орындамай о дүниеге аттанған адам Алланың алдында жауап береді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Уәсия» атты шағын ақида кітапшасында былай дейді:

«Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) үмметі ішінде иман етіп, бірақ ауыр күнә жасағандардың бәрі, шындығында, мүмін-мұсылман болып табылады. (Күнәһәр болғанымен) Олар кәпір емес»[1].

 Ғалым «Әл-Фиқһул Әкбәр» атты кітабында осы мәселені былай тілге алған:

«Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Оны иман шеңберінен шығармай, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз, бірақ ол күнәһәр мүмін болып саналады. Дегенмен кәпір емес. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса, кәпір болады».

Намаз оқымайтын мұсылманды күнәһар мұсылман дедік. Күнә жасаған мұсылманды кәпір деу - Құранның ашық аяттары мен Пайғамбардың (с.а.у.) хадистеріне теріс. Құран Кәрімде келтірілген кейбір аяттарда күнә жасаған мұсылмандарды «мүмін-мұсылман» деп атаған. Мысалы, Тахрим сүресінде:

«Әй, мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарыңнан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі...» - делінеді.

Осы аятта күнә жасаған мұсылмандарды кәпір деместен «Иман еткендер» деп күнәлары үшін Ислам шеңберінен шықпағанын, бірақ жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етуі керек екендігін ашық баян етуде[2].

Ендеше, тілінде кәлимасы бар, намаз оқудың парыздығына сенетін, бірақ, оны оқымайтын адам кәпір емес, күнәһар мұсылман. Мұсылман болғандықтан, оның Алла атымен сойған малының етін жеу - шариғат тұрғысынан адал болып есептеледі. Тек, малды бауыздар алдын "Бисмилла" айтылуы керек.


[1] «әл-Уәсия» кітабының қазақ тілінде жасалған түсіндірмесін мына жерден оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/#gsc.tab=0 
[2] «Намаз оқымаған адам кәпір ме?» деген мәселе жайында толық мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/articles/kokeikesti/namaz-oqymagan-adam-kapir-me-106/#gsc.tab=0