Имам Әбу Ханифа "муржит" па?
Имам Әбу Ханифа "муржит" па?
9 жыл бұрын 7015

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, Имам Әбу Ханифа табиғин ба? Және оны «муржит», яғни, «муржия» ағымынан деп жатқандар бар. Сол рас па? Дәлелдермен жауап беріңізші (кітаптың аты,томы мен бет номері)! Нурлыбек

Уағалейкум әссәләм, Нұрлыбек!

Муржия  – күнәнің жүректегі иманға зияны жоқтығын айтып, мұсылман адам қанша күнә жасаса да ақыретте ешқандай жауапқа тартылмай пейішке кіретіндігін алға тартқан адасушы ағымның атауы. Бұл ағымға қарағанда, Аллаға сену және Мұхаммедті пайғамбар деп білу, растау жеткілікті екен. Одан басқа дін бұйрықтарын орындамай, күнә жасап жүре берсе болады-мыс. Иманы себепті о дүниеде пейішке кіреді екен.

Олардан бөлек Әһли сүннет ақидасында, жүрегінде иманы бар күнаһар мұсылманның ақыреттегі тағдыры бір Алланың қолында: Қаласа, күнәсін кешіріп пейішке кіргізеді. Қаламаса, жазаға тартады. Тозаққа тасталар болса, жүрегіндегі иманы себепті Жаратушы иеміз қалаған мерзімнен кейін оны жазадан босатып, пейішке кіргізеді. Имам Ағзамның да халыққа үйреткен сенімі осы.

Ал, енді, неге Имам Ағзамды муржия ағымымен байланыстырады?

Алғаш рет Имам Ағзамды және онымен қоса өзге де бір топ Ислам ғұламаларын аталмыш теріс ағымның санатына қосқандар мұғтазилиттер еді. Себебі, ауыр күнә жасаған мұсылман мәңгі тозақтық болады деп есептейтін мұғтәзилиттер өздерінің осы теорияларына қарсы келгендерді «муржия» деп санайтын[1]. Өйткені, Имам Ағзам және өзге де әһли сүннет ғұламалары: Жүрегінде иманы бола тұра үлкен күнә жасап, тәубе етпестен о дүниеге аттанған адам Алланың алдында жауап беретіні рас. Бірақ, тозақта күнәһәр мүмін мәңгі қалмайды деген. Сондықтан да, мұғтазилит ағымындағылар оны «муржид» деп атады.

Оның үстіне, Әбу Ханифа «иман» мен «амалды» бөлек қарастырған. Бұл дегеніміз, әлдекім иман келтіріп, бірақ, діни бұйрықтарды орындамай жүрсе, оны иман шеңберінен шығармаймыз деген сөз[2].Ұлық Имамның осы сеніміне қарап, базы біреулер оны «муржия» ағымымен шатастырған.

Шындығына келгенде, ғалымның аталмыш ағымға еш қатысы жоқ. Себебі, Имам Ағзам: «амал - иманнан бөлек» дегенімен, «діни бұйрықтарды орындамаса да болады, қанша күнә жасаса да жауапсыз пейішке кіреді» - деуден аулақ.  

Тіпті Имам Ағзам Әбу Ханифа өзіне тағылған осы айыптың жала екендігін айтып, замандасы Осман әль-Бәтти есімді ғалымға арнап жазған «сен менің муржия екенімді естігеніңді айтып жазыпсың...»  - деп басталған хаты бар. Ол хатта ғалым қысқаша өзінің ұстанымын баяндай келе оны «муржия» ағымымен байланыстырып жүргендердің бәрі - бидғатшы, теріс жолдағылар екендігін айтады[3].

Ендеше, ақиқатты ту етер әркім Әбу ханифаны адасушы муржидтер қатарынан санамасы анық.

Әбу ханифаның (р.а.) табиғин екендігіне тоқталар болсақ, әл-Хафиз әз-Зәһәби өзінің «Тәзкиратуль Хуффаз» есімді еңбегінде былай деп өткен:

«Әбу ханифа  (хижри) 80 жылы туылды. Сахаба Әнәс ибн Мәликті Куфаға келген кезінде бірнеше рет көрген...». 

Және де, Хадисші ғалым әл-Хафиз Ибн Хажарға осы мәселе сұралғанда оның былай жауап бергендігі кітаптарда бар:

«Әбу Ханифа хижреттің 80-жылы Куфада[4] туылды. Сол кезеңдері сахабалардан Абдулла ибн Әби Ауфа тірі еді. Ибн Әби Ауфаның кейінірек қайтыс болғандығында талас жоқ. Басрада Әнәс ибн Мәлик бар еді. Ол да 90-жылы немесе одан кейінгі жылдары қайтыс болды. Ол екеуінен басқа да көзі тірі сахабалар бар-тұғын. Әбу Ханифаның сахаба Әнәсті көргендігін ибн Сағд риуаят еткен. Оның риуаятын жеткізуші рауилер тізімі жаман емес. Сондықтан да, Әбу Ханифа – табиғин болып табылады. Сахабаны көру Әбу Ханифаның заманында өмір сүрген өзге ғалымдарға нәсіп болмаған...».

Хадисші Даруқутни де бұл жайында:

«Әбу Ханифа сахабаларды кездестірмеді. Тек, сахаба Әнәс ибн Мәликті көрген. Бірақ, одан (хадис) естімеген», - дей келе Имам Ағзамның сахабаның көзін көргендігін растап отыр[5].

Сахабаны көрген адам “табиғин» деп аталады. Сондықтан Әбу Ханифа табиғин болып есептеледі.  

Көрген сахабалардан хадис естіп, оны риуаят еткендігі де деректерде кездеседі[6]. Мұның бәрі Ұлық Имамның табиғиндер санатына жататындығын көрсетсе керек.


[1] Әбу Захра:  Тарихул Мәзәхибиль Исләмия, «әл-Муржия».
[2] Әбу Ханифаның ақида ұстанымын мына сілтемеден оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/#gsc.tab=0 
[3] Әл-Кәусәри: ал-Ақида уәл илмул кәләм.
[4] Түп нұсқада «Меккеде» делінген.
[5] Әт-тәхәнәуи: Әбу Ханифа уә асхабуху әл-Мухаддисун, 6-9 беттер.
[6] Әбу Ханифа жайында қосымша мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/ulyq-imam-abu-hanifa-156/#gsc.tab=0

Абдусамат Қасым