Әссәләму алейкум, ұстаз! Имамға ұйыған кезде, Оның алдына шығып кетсе (этажда болып). намазы санала ма екен? Алдын сұрағанда, кейін жауап беремін деп едіңіз..
|
Мешіттің үстіңгі қабатында имамға ұйып тұрған кісі, имамның алдына шығып кеткен болса, намазы бұзыла ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Мешіттің үстіңгі қабатында имамға ұйып намаз оқып тұрған кісі, егер имамның алдына шығып кеткен болса, намазы бұзылады. Бұған байланысты Имам Мұхаммедтің «әл-Асл» атты еңбегінде шәкіртінің сауалына қатысты берген мынадай жауабы бар:
«Бір кісі имамның намазын (яғни, имамға ұйып) мешіттің үстіңгі жағында оқыса, оның намазы санала ма? – деп сұрадым (шәкірті). Ол (Имам Мұхаммед): «Егер имамның артында тұрған болса намазы дұрыс. Ал егер имамның алдына шығып кеткен болса, намазы бұзылады. Оған намазын қайта оқу керек» - деп жауап берді (рахимаһуллаһ)»[1].
Ендеше, мешіттің үстіңгі қабатында ұйып намаз оқитын кісілер төменгі қабаттағы имамның артында немесе имаммен қатарлас тұрса, намаздары есептеледі, ал бірақ имамның алдына шығып кетсе, намаздары саналмайды.
[1] Имам Мұхаммед: «әл-Асл». 1/204 бет; Имам Кәсәни: «Бәдәиъу санаиъу»; Имам Сарахси: «әл-Мәбсут».