Мәйітті түнде жерлеуге бола ма?
Мәйітті түнде жерлеуге бола ма?
3 жыл бұрын 8618

Әссәләму алейкум уә рахмәтуллаһи уә бәракәәтуһу! Сізден сұрайын дегенім, мына видеода мәйітті кештетіп, қараңғы түскенде жерлеп жатыр. Дағыстан жақ деп пайымдап қойдым. Ал бізде кешке, қараңғы түнде жерлемейді дейді. Қандай негізге сүйеніп айтылады олай? Мәкруһ деп те айтады. Соны айтып беріңізші, Аллаһ разы болсын. Мейіржан Жұмагелді.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мәйітті түнде жерлеу мәселесі таласты тақырып. Дегенмен, Ислам ғұламаларының көпшілігі, соның ішінде Ханафи мәзхабында - мәйітті түнде жерлеудің ағаттығы жоқ, әйтсе де абзалы – күндіз жерлеу делінген. Бұл жайында «әл-Бинәя» кітабында былай делінеді:

«Түнде жерлеу – мәкруһ емес. Алайда, мұстахабы – күндіз жерлеу»[1].

«Түнде жерлеу – мәкруһ емес...» деуінің себебі, деректерге қарағанда Әзіреті Әбу Бәкір, Әзіреті Осман, Әзіреті Абдулла ибн Мәсъуд және Айша анамыз бен Фатима анамыз (Алла олардан разы болсын) түнде жерленген екен. Егер, мәкруһ болғанда түнде жерленбес еді. Сондай-ақ, Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген бір сахих хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.) бір ер адамның денесін түнде қабіріне кіргізді (жерледі) және қабірінде (қараңғыда көріну үшін) шам жақты»[2] - делінеді. (Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шам жағуы – қараңғы түнде жарық болсын дегені, әйтпесе, христиан дініндегідей мәйітке шырақ қойғандық емес).

Ал «... Мұстахабы – күндіз жерлеу..» делінуің мәні мынада – Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Мәжбүр жағдайда болмаса, жайшылықта мәйіттеріңді түнде жерлемеңдер» - деген[3]. Осы хадисте қайтыс болған кісіні күндіз жерлеудің абзал екендігі білдірілуде. Оның үстіне, күндіз жерлеу кезінде жаназаға қатысушы халық көптеу болады. Әрі жер қойнауына тапсыру ісін атқару – күндіз қолайлы. Сондықтан да, мүмкіндігінше күндіз жерлеген абзал әрі ұнамды іс, алайда түнде жерлеуге тура келіп тұрса, жаназасын оқып түнде де жерлей береді, оның күнәсі жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная шархуль Һидая». 3/261 бет; Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 3/155 бет.
[2] Ибн  Мәжә: «Сүнән». Сахих хадис.
[3] Ибн Мәжә: «Сүнән». 1521 хадис.

Абдусамат Қасым