Ассаламуғалейкум! Жұма намазында неге екі азан шақырылады? Мәлікей.
|
Жұма күні неге екі рет азан шақырылады?
|
Бисмилләһир-рахманир-рахим. Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Жұма намазында екі азан шақырылады. Оның біріншісі – сырттағы халықты жұма намазының басталатындығынан алдын ала құлағдар ету мақсатында шақырылатын азан. Ал екіншісі – имам мінберге шыққан кезде шақырылатын, жұма намазының негізгі әрі сүннет болған азаны.
Басқаша айтқанда, жұма күні шақырылатын алғашқы азан – Әзіреті Османның (р.а.) сүннеті, ал екінші азан – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті.
Неге Әзіреті Османның (р.а.) сүннеті?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.), сондай-ақ одан кейінгі Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омардың (р.а.) дәуірлерінде жұма намазында бір ғана азан шақыру амалы бар еді. Ол – имам құтпа оқу үшін мінберге шыққан сәтте айтылатын азан түрі (яғни, қазіргі екінші азан). Азаншы Біләл (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.у.) мінберге шыққан кезде азан айтатын да, ал мінберден түскеннен кейін намазға қамат түсіретін¹.
Кейіннен мұсылмандардың саны артып, қаланың алаңы кеңейген кезде, жұма намазына жиналатын халықты алдын ала хабардар етудің қажеттілігі туды. Осыған байланысты Әзіреті Осман (р.а.) халифа болған кезінде жұма намазының алдында қосымша азан шақыру үрдісін енгізді. Ондағы мақсат – жұма намазының уақыты жақындағанын халыққа алдын ала хабарлап, олардың мешітке дер кезінде жиналуына мүмкіндік жасау. Бұл ижтиһадқа сол кездегі өзге көзі тірі сахабалар да қарсы болмады. (Бүгінде де осы мақсаттың жалғасы ретінде азанның дауысын барша жұртқа жеткізу үшін микрофон пайдаланылады). Содан бері мұсылман үмбеті ғасырлар бойы жұма күні екі азан шақырып келеді және бұл шариғатта айнымас үкім ретінде бекітілді.
Жұма күні екі рет азан шақырылуының тарихы осылай.
1) Әбу Дәуід: «Сүнән», Ибн Мәжә: «Сүнән», Имам Ахмед: «Мүснәд».