Жаназа намазында "Фатиха" сүресі оқылу керек пе?
Жаназа намазында "Фатиха" сүресі оқылу керек пе?
1 жыл бұрын 2956

Әссәләмұғалейкум! Абу-Ханифа масхабында жаназа намазында Фатиха оқуға бола ма? Бір Египетте оқып келген имам жаназа намазында «Фатиха» сүресін де оқуға болады дейді. Ендеше Ханафи масхабы бойынша Фатиха сүресі қай жерде оқылады немесе оқылмай ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында Жаназа намазында «Фатиха» сүресін «дұға» ретінде оқуға болады. Бірақ шарт емес. Мысалы, жаназа намазының дұғасын білмейтін кісілер, жаназаның үшінші тәкбірін айтқаннан кейін жаназа дұғасының орнына «Фатиха» сүресін дұға ниетімен оқыса болады.

Өзге мәзхабтарда жаназа намазында Фатиха сүресін оқу - уәжіп. Біздің мәзхабта уәжіп емес. Сахаба Әбу Һурайрадан: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаназа намазын қалай оқитын еді?» деп сұраған кезде, Ол (р.а.): «Пайғамбар мына дұғаны оқитын: «Аллаһумма сен оның Раббысысың. Оны жаратқан Сенсің...» деп, ұзақ дұғаны келтіреді, бірақ ардақты сахаба «Фатиха» сүресін оқу керектігін айтпайды. Егер «Фатиха» сүресін оқу уәжіп болғанда, сахаба оны айтпай кетпес еді.

Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтан да (р.а.) жаназа намазының оқылуы жайында сұралғанда, Ол (р.а.): «Алла елшісі ол намазда бізге әлдебір сөз немесе әлдебір сүре оқуды белгілемеді. Имам тәкбір айтқанда, (ұюшы да) тәкбір айтады. Оған қосымша қалаған бір дұғаңды таңдап оқи аласың», - деп жауап береді.

Әйтсе де, Алла елшісінің (с.а.у.) жаназа намазының бірінші тәкбірінен кейін «Фәтиха» сүресін оқығандығына қатысты риуаяттар бар. Алайда, бұл, жаназа намазында «Фатиха» сүресін оқу шарт дегенді емес, «рұқсат» дегенді білдіреді, онда да, сүре ретінде емес, дұға ретінде оқуға рұқсат. Пайғамбардың ісі «уәжіп» үкімін тудырмайды. Оның үстіне, егер Фатиха сүресін оқу уәжіп болғанда, сахабалар тегіс орындайтын еді, әрі бізге ол риуаят «ахад» жолмен емес, мүтәуәтір жолмен келер еді. Керісінше оған байланысты сахабалардан әртүрлі риуаттар жеткен1.

Қорыта айтқанда, жаназа намазында Фатиха сүресін оқу шарт емес, бірақ «дұға» ретінде оқудың ағаттығы жоқ. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Имам Құдури, «Тәжрид», №293 мәселе.

Абдусамат Қасым