"Аса таяқ ұстап жүрген адамның әр қадамына сауап жазылады" деген риуаят бар ма?
"Аса таяқ ұстап жүрген адамның әр қадамына сауап жазылады" деген риуаят бар ма?
2 жыл бұрын 3223

Ассаламуалейкум! Сүйікті пайғамбарымыз: «Асамен жүру қарапайымдылықтың белгісі. Асамен жүрген адамның әрбір қадамына бір сауап жазылады» деген екен. «Асамен жүру деген не?» осыны түсіндіріп жібересіз бе?! Мейірбек Жұбаныш.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, сіз жолдап отырған мәліметтегі "аса" деген сөз - «аса таяқты» білдіреді. Сұрақта сұралған риуаят кейбір хадис кітаптарында орын алған1. Бірақ оның растығында күмән бар. Мысалы, Имам Суютидің хадистер жинағында ол риуаят былай келген:

«Аса таяқ ұстап жүру - қарапайымдылықтан. Ол үшін әр қадамына мың сауап жазылып, дәрежесі мың есеге көтеріледі».

Бұл хадисті «жалған хадистер» қатарынан санап, растығына күмән келтіретін хадисшілер бар2.

Тағы бір риуаятта: «Барлық пайғамбарлардың Алла үшін қарапайым боп жүру мақсатында ұстап жүретін таяғы болған» - делінген3. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) өзінің күнделікті қажеттіліктері үшін қолданатын аса таяғы болғандығы аятта айтылады. ("Таһа" сүресі, 17-19 аят).

Мұхаммед пайғамбарымыздың да (с.а.у.) қолына аса таяқ ұстағандығын кейбір риуаяттардан байқауға болады. Ибн Мәжәдә орын алған бір риуаятта, Әбу Умәмә (р.а.) былай дейді: «Бізге Пайғамбарымыз (с.а.у.) таяғына сүйеніп шықты».  

Әйтсе де, аса таяқ ұстауға қатысты келтірілген риуаяттардың дені әлсіз, тіпті кейбірі жалған хадистер қатарынан есептеледі делінген. Сол себепті, аса таяқ ұстап жүру қаншалықты сүннет амалға жататындығы таласты мәселе. Сүннет болған күннің өзінде «һидаят сүннеті» емес4, «сүннәтуз зәуәид»-қа жатады деген дұрысырақ болар, яғни, Пайғамбарымыздың киім кию үлгісі, жүру үлгісі, отыру үлгісі және Оның кей тамақты ұнатпағаны сияқты күнделікті жүріс-тұрысына қатысты «әдеткі сүннеттер» іспетті. Мұндай сүннет түрлерін істеу, не, істемеуде әркім ерікті.

Қорыта айтқанда, аса таяқ ұстап жүру дін бұйрығы емес, ерікті амал. Мысалы, күнделікті өмірде басқа сәлде орап, шапан киіп жүру қалайша ерікті амал болса, аса таяқ ұстап жүру де ерікті амал.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Кәнзул ъуммәл, № 41628 хадис; Имам Суюти: «Жәмиъуль Ахадис», №24603 хадис.
2Мұхаммед әл-Фәттәни: «Тәзкиротуль Мәудуъат», Бәб - әл-Әхләқиль Мәхмудәһ».
3Кәнзуль Ъуммәл, №41629 хадис.
4Ханафи ғалымдары сүннетті екіге бөліп қарастырған: Біріншісі, «сүннәтуль һуда», яғни, «һидаят сүннеті». Бұған, көбінесе дін негіздері мен діни рәсімдерді толықтырушы сипаттағы сүннеттер жатады. Бұларды Пайғамбарымыз үнемі орындап, тәрк етпеген. Үкімі уәжіпке жақын. Мысалы, намазды жамағатпен оқу, азан айтып, қамат түсіру, намаздардың бекітілген сүннетері т.б.  Екіншісі - «сүннәтуз зәуәид», яғни, «қосымша сүннет». Мысалы, Пайғамбарымыздың киім кию үлгісі, жүру үлгісі, отыру үлгісі т.б. Сүннеттің бұл түрін тәрк еткен адам айыпты саналмайды, әрі мәкруһ емес.

Абдусамат Қасым