Жалғыз оқыған кісі «Бесін» намазын дауыстап оқып қойса, "сәһу сәждесін" жасай ма?
Жалғыз оқыған кісі «Бесін» намазын дауыстап оқып қойса, "сәһу сәждесін" жасай ма?
2 жыл бұрын 6295

Ассаляму алейкум ұстаз. «Бесін» намазын дауыстап оқып қойған адам (жеке өзі оқыған) сәһу сәждесін жасауы керек пе? Сабырғали.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кетелік: имам болып тұрған кісі, егер дауыс шығармай оқылу керек намаздарды дауыстап оқып қойса немесе керісінше дауыс шығарып оқылу керек намаздарды дауыс шығармай оқыса, оған сәһу сәждесін жасау уәжіп болады, бұл жөнінде Ханафи ғалымдары арасында талас жоқ.

Талас – жалғыз оқыған кісіге қатысты. Дегенмен «Зәһиру риуая» деп аталатын Ханафи мәзхабының іргелі-негізді кітаптар топтамасында жалғыз оқыған кісі күндізгі намаздардың бірін дауыстап оқып қойса, оған сәһу сәждесін жасаудың қажеті жоқ делінген[1].[2].

Ендеше, жалғыз оқыған кісі «Бесін» намазының парызын дауыстап оқып қойған жағдайда, оған намаз соңында сәһу сәждесін жасау міндет емес. Ал жария оқылатын намаздарда өз еркі – қаласа жария оқиды, қаласа іштей дауыс шығармай оқиды.


[1] Имам Самарқанди: «Тұхфәтуль Фуқаһа», Бәбус сәһуи; Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная Шәрхуль Һидая». Сүжудус сәһуи; т.б.
[2] Ал нақтылығы жөнінен екінші орында тұратын «Нәдирур риуәя» немесе басқаша аты «Нәуәдир» деп аталатын кітаптарда «жалғыз оқыған адамға да сәһу сәждесін жасау керек» делінеді. (Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная Шәрхуль Һидая». Сүжудус сәһуи). Сондықтан да, кейінгі буын Ханафи ғалымдарының бірсыпырасы кітаптарында «жалғыз оқыған кісі дауыстап оқып қойса, оған да сәһу сәждесін жасау уәжіп» деген үкім айтқан. (Ибн Нүжейм: «әл-Бәхрур Роиқ» - Әдәбус салаһ).

Абдусамат Қасым