Еліміздегі бір мешіттің ауласында қабір орналасқан екен, ол мешітте намаз оқуға бола ма?
Еліміздегі бір мешіттің ауласында қабір орналасқан екен, ол мешітте намаз оқуға бола ма?
2 жыл бұрын 2345

Ассаләмуғалейкум! Ұстаз бір жерде мешіт бар. Оның ауласы үлкен, мың адамға арнап салынған. Сол аулада мешітті салуға атсалысқан адамның бейіті жатыр. Ол жерде намаз оқу қалай болады? Сәләфилер келмейді.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қабір намаз оқитын жерден бөлек жерде орналасып, мешіт пен қабір арасын дуал бөліп тұрса, ондай мешітте намаз оқудың ағаттығы жоқ дейді ғалымдар. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірі мен Оның екі досы Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омардың қабірлері орналасқан бөлме мешітке тиіп тұр, бірақ арада қабырға бар. Қабір орналасқан мешітте намаз оқуға болмайтын болса, Пайғамбар мешітінде ешкім намаз оқымас еді. Ол жер кезінде Айша анамыздың бөлмесі болатын. Айша анамыз бөлмесінде намазын оқып, құлшылығын жасаған еді, әрине ол кезде де қабір мен араға бөгет қойылған-тын.

Сондықтан да, мешіт ауласында қабір болып, бірақ намаз оқитын негізгі зал басқа жақта орналасқан болса, ол мешітте намаз оқуға болады. Алайда мешіт ауласына жерлеуді үрдіске айналдырмаған абзал. Қазақта және жалпы мұсылман жұртшылығында қабірді мешіт ауласына жерлеу салты жоқ, бүкіл халық мәйіттерін арнайы бейітке апарып қояды, тек әулие, ұлы тұлғалардың қабірінің жанынан мешіт тұрғызу немесе кесене салу әдеті бар, қалғандары бейітке жерленеді. Дұрысы да сол. Өйткені, ондай амал уақыт өте келе бақталастыққа ұласып, арты жарысқа айналуы мүмкін. Және де ата-баба әруағын ерекше қастерлейтін қазақ халқында уақыт өте келе кейінгі ұрпақ мешіт ауласындағы қабірді ерекше қасиет тұтып, бейнебір сыйынатын орынға айналдырып жібермесіне де кепілдік жоқ.

Ал жалпы алғанда, ғалымдардың тұжырымына қарасақ, қабір орналасқан мешітте намаз оқудың әбестігі жоқ, бастысы қабір бөлек жерде, намаз оқитын жер бөлек жерде орналасқан болуы керек. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

Абдусамат Қасым