Басқа қаладағы екінші әйелінің үйіне сапарлап барған күйеуі намазын жолаушы ретінде оқи ма, толық оқи ма?
Басқа қаладағы екінші әйелінің үйіне сапарлап барған күйеуі намазын жолаушы ретінде оқи ма, толық оқи ма?
4 жыл бұрын 7802

Ассаләмуғалейкум! Сұрақ бар еді. Бір ағамыз менен сұрап жатыр, екі әйелім бар дейді. Үйінен екінші әйеліне баратын жолы 130 шақырым екен. Өз үйінен екінші әйелінің үйіне жол жүріп барып жатса, намазын екінші әйелінің үйінде қысқартып «сафари» қылып оқи ма, әлде түгел қысқартпай оқи ма? Осыған жауап бере аласыз ба?   

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әлдекімнің екі некелі зайыбы екі қалада тұрып жатса және арасы жолаушы үкімін тудыратындай қашықтықта орналасқан болса да, бір отбасынан, екінші отбасына барған кезде намазын толық оқиды. Себебі, екінші әйелінің тұрақты түрде тұрып жатқан елді мекені де ол үшін «уатануль асли»[1] үкімінде болмақ. Бұл жайында кітаптарда былай делінеді:

«Екі қалада да әйелі бар адам қайсысына барса да мұқим (тұрақты) саналады. Егеряки, екі қаланың біріндегі зайыбы қайтыс болса және ол қалада үй-жайы, жылжымайтын мүлкі қалса, бір тұжырым бойынша, ол жер күйеуі үшін бұдан былай «асли отан» саналмайды делінген... (басқа бір тұжырымда ол жер асли отан болып қала береді делінеді)»[2].

Ендеше, сұрақтағы кісі 130 шақырымда тұратын екінші жарына барған кезде, намазын қысқартпай толық оқиды. Бірақ жол-жөнекей намазды қысқартып оқиды, яғни, төрт рәкәғаттық парыз намаздарды екі рәкәғат қылып оқиды. Өйткені, бір қаладан екінші қалаға жолаушылап шыққан ол, қаласынан шыққан сәттен бастап, діттеген жеріне (яғни, екінші әйелі тұратын елді мекенге) жеткенге дейін жолаушы үкімінде болады.   


[1] Әлдекімнің тұрақты елді-мекенін шариғатта - «асли отан» (уатануль асли), он бес күннен көп қалуды ұйғарған уақытша мекенді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанул Иқама», және он бес күннен аз уақыт қалуды ұйғарған жерді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанус Сукна» дейді. Әуелгі екеуінде мұсылман намазды толық оқиды. Соңғысында намазды қысқартып оқиды.
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр – 2/614 бет.

Абдусамат Қасым