Асыр намазын тәкбір алып бастаған сәтте, ақшам уақыты кірсе, не істеу керек?
Асыр намазын тәкбір алып бастаған сәтте, ақшам уақыты кірсе, не істеу керек?
1 жыл бұрын 7054

Асыр намазы тәкбір алғанда шам намазы кірсе, намазы дұрыс бола ма, әлде намазын тоқтатады ма? Қазаға жата ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Асыр намазын ифтитәһ тәкбірін алып бастаған сәтте ақшам намазының уақыты кірсе, бастаған асыр намазын жалғастырып оқып кете беруі тиіс. Уақыт шықпай тұрып бастап үлгергені себепті, намазды уақтылы оқыған болып есептеледі. Бірақ ол уақытқа дейін кешіктіргені үшін мәкруһ жасаған болады. Бұл үкім Ханафи және Хәнбали мәзхабтары бойынша, ал Шәфиғи және Мәлики мәзхабтарында ең кемі бір рәкәғат толық оқып үлгерген болуы керек1.

Және де аталмыш үкімнің таң намазына қатысы жоқ. Таң намазын оқып бастаған сәтте күн шығып кетсе намаз бұзылады. Таңнан өзге намаздардың парызын уақыты шықпай тұрып бастап үлгерсе, аяғына дейін оқып аяқтайды. Уақыты шықпай тұрып бастағаны үшін, уақытында оқылған болып саналады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлһәмдулилләһи Раббиль аләмин!


 1 Уаһбәту Зәхәйли: «әл-Фиқһиуль Исләми уә әдилләтуһу». 1\674 бет).

Абдусамат Қасым