Ассаламу алейкум! Жауаптарыңызға рахмет, Аллаһ разы болсын! Сіздердің дәреттегі күмән жайлы берген жауаптарыңызды оқыдым осы сайтта! Сұрағым: сенім күмән үшін жойылмайды, ал мысал үшін мұсылманның дәреті бұзылғаны анық, барып дәретін жаңалағаннан соң қолымды жудым ба, жоқ па? - деген күмән пайда болса (яғни дәреті бұзылғаны анық, ал дәретің толық-дұрыс алғаны-алмағаны белгісіз, күмәнді), бұл жерде мұсылманның дәреті толық емес деп есептеле ме? Оған қолын жуу парыз бола ма? Сайдазим
Дәрет алғаннан соң қолымды жуған-жумағаныма күмәндансам не істесем болады? Кайта алуым керек пе?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Бұл мәселені «дәрет алу барысындағы күмән» және «дәрет алып болғаннан кейінгі күмән» деп екіге бөліп қарастырған дұрыс.
Біріншісі, күмән дәрет алу барысында туындаған болса, күмәнданып тұрған ағзаңызды жуасыз. Мысалы, дәретте аяқты жуып жатып, қолын жуған-жумағандығына күмәнданған адам сол мезетте аяқты жуып болып, артынша қолын шынтағына шейін жуады. Мұндай жағдайда, Ханафи мәзхабы бойынша дәрет тәртібін сақтау міндет болмағандықтан дәретті бастан алудың қажеті жоқ, күмәнданған жерді жусаңыз болғаны. Әйткенмен, бұның өзі - сирек күмәнданатын кісіге қатысты. Ал дәретте көп күмәнданатын адам күмәнға мән бермейді. Себебі, бұл шайтанның уәсуәсі болуы мүмкін.
Екіншісі, күмән дәрет алып болғаннан кейін туындаған жағдайда, күмәнға көңіл аудармай, ағзалар тегіс жуылды деп есептейді[1]. Мысалы, дәрет алғаннан соң намаз оқып тұрып әлгіндей күмән келсе, оған мән бермей ойын намазға шоғырландыруы тиіс.
Бұл айтқандарымыз екі ойлы болып, күмәнданған кісіге қатысты. Ал, жумағандығын нақты біліп тұрған мұсылман, жуылмаған ағзасын жууы шарт.
Ендеше, сіздің жағдайда дәретіңіз толық деп есептеледі. Дәреттен кейінгі күмән назарға алынбайды.
[1] Ибн Һүмәм: Фатхуль Қадир – 1/37 бет; Ибн Ғабидин; Хашия – 4/526 бет.