Күйеуі әйеліне «сендей әйел керек емес!» десе, ол сөзі «талақ» ретінде есептеле ме?
Күйеуі әйеліне «сендей әйел керек емес!» десе, ол сөзі «талақ» ретінде есептеле ме?
2 жыл бұрын 1885

Күйеуім бірнеше рет «сендей қатын керек емес» деді, мұны 3 реттен аса айтты. Мені талақ еткен болып есептеле ме?... Шариғат бойынша ерлі-зайыптымыз ба, соны сұрайын деген едім. (сауал ықшамдап алынды).

Бисмилләһир рахманир рахим

Шариғатта неке бұзатын сөздер - «ашық» және «астарлы» (киная) сөздер болып бөлінеді.

Ашық сөздерге: сені талақ еттім, талақ бол, сенімен ажырастым деген сияқты ашық «талақ етуді» білдіретін сөздер жатады, мұндай сөздерді қолданған кісінің ниеті қаралмай, айтқан талақ сөзінің санына қарай «рижғи талақ» немесе «бәин талақ» үкімі туындайды.

Астарлы сөздерге: киіміңді жина да кет, әкеңнің үйіне кет, иддетіңді күт т.б. деген сияқты талақ етуді де, басқа да мағыналарды білдіретін сөздер жатады. Мұндай сөздерді айтқан күйеуінің ниеті қаралады. Егер астарлы мағыналы сөздерді «талақ ету», «неке бұзу» ниетімен айтқан болса, «кіші байын талақ» үкімі туындайды, ал талақ ету мағынада емес, жай айтқан болса, талақ үкімі туындамайды, неке сақталады.

Ендеше, сауалдағы «сендей әйел керек емес» деген сөз – екі ұдай мағына беретін «астарлы мағыналы» сөздер қатарынан саналатындықтан, күйеуіңіздің ниетіне қарай үкімі болмақ деген ойдамыз. Егер оны «болды талақ еттім» деген мағынада айтқан болса - талақ, ал ондай ниетте емес, жай ашуланғаннан «сендей әйел керек емес» деп айтқан болса - талақ болмайды, неке сақталады. Өйткені «сендей әйел керек емес» деген сөздің астарында - «сендей әйел маған керек емес, өзгер!» немесе «сендей әйел маған керек емес, егер қоймасаң ажырасамыз» деген сияқты ескерту мағыналары да жасырулы.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

Абдусамат Қасым