Исламда әйел дәрігер еркек науқастарды қарай ала ма?
Исламда әйел дәрігер еркек науқастарды қарай ала ма?
3 ай бұрын 1889

Исламда әйел дәрігер еркек науқастарды қарай ала ма?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Исламда «зәрулік» деген түсінік бар. Зәру жағдайда және мәжбүр кезде харам үкімі уақытша тоқтайды (зәрулік жағдайы жойылғанша). Оның шариғаттағы ережесі: «ад-Дарурат тубихуль Махзурат». Мағынасы: «Зәруліктер шариғатта ағат саналатын харам істерді мубах қылады».

Сондықтан да, айтарымыз: шариғатта әйел дәрігер - әйел науқасты, ал ер дәрігер - ер адамды қарауы тиіс, алайда ер адам жоқ кезде, мысалы, әйел дәрігердің кезегінде еркек науқастар түссе, ондай кезде ер адамды әйел адам қарауға мәжбүр. Ондайда, шариғат кеңшілік қылады. Кезінде сахаба әйелдер соғыста жаралы жауынгерлердің жарақатын таңып, шамаларынша ем-домдарын жасайтын. Бұған қатысты «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында Рабиъ бинт Муъаууиз ( الرُّبيع بنت مُعوِّذ) есімді сахаба әйел мынадай хадис жеткізеді. Рабиъ (р.а.) былай дейді:

«Біз Пайғамбарымызбен (жорықта) бірге болар едік. Сонда жарақаттарға су беріп, оларға ем-дом жасайтынбыз және қаза тапқандарды Мединеге жөнелтетінбіз» - дейді сахаба әйел (радияллаһу анһә)1.

Ендеше, қажет болып жатса, әйел дәрігер - ер адамды қарай алады. Ондай жағдайда, кейбір назар аударылуы керек талаптар айтылған. Олар келесідегідей:

  1. Науқастың ғаурат жерлері жабық болу, тек ем-дом жасалатын жерін ғана ашу. Мысалы, ер адамның жамбасына укол салу керек болып тұрса, сол укол салатын жамбасын қажетті мөлшерде ғана ашуға рұқсат т.б.
  2. Мүмкіндігінше еркек науқаспен бір бөлмеде оңаша қалмауға тырысу. Ол үшін есікті ашып қою немесе қасында тағы бір медбикенің болуы қажет. Шариғат бойынша, бір ер адам екі әйел адаммен оңаша қала алады, ал бір әйел екі бөтен еркекпен оңаша қала алмайды.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Алла Тағала денсаулықтан айырмасын. Ауырып жүргендерге шипасын берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


1  عن الربيع بنت معوذ قالت كنا مع النبي صلى الله عليه وسلم نسقي ونداوي الجرحى ونرد القتلى إلى المدينة (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»).