Еркектің жыныстық қуатын күшейтетін дәрілерді ішуге бола ма?
Еркектің жыныстық қуатын күшейтетін дәрілерді ішуге бола ма?
7 жыл бұрын 35687

Әссәләмуғалейкум! Еркектің жыныстық қуатын күшейтетін әртүрлі қоспаларды (БАД) ішу шариғатқа қайшы ма? Шамиль

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кәрілік себепті немесе жыныстық сырқаттықтан туындаған әлсіздікті емдеу мақсатында арнайы дәрігер маманның нұсқаулығымен әлгіндей препараттарды қабылдауға болады. Бұл да Пайғамбарымыздың «Емделіңдер!» деген бұйрығы аясына кірері сөзсіз[1].

Ал, жыныстық ақаулығы болмаса да онысын арттыра түсейін деген ниетпен түрлі күшейткіш препараттарды пайдалану - мамандардың айтысы бойынша, керісінше жыныстық әлсіздікке шалдықтырады. Олай болған жағдайда, шариғат қағидаттарына қайшы болмақ. Қағида бойынша: «Зиян беру де, зиянға ұшырау да жоқ». «Зарар - өзімен тең дәрежелі өзге зарармен жойылмайды». «Жамандықты ұзақтату - жақсылықты жақындатудан бұрын келеді» (яғни, бір нәрсенің пайдасы да, залалы да қатар келген жағдайда, залалды алдын алу жағы бірінші ескеріледі)[2]. Сол себепті, құр ермекке ондай заттарға әуестенбеген дұрыс.

Одан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей, жыныстық ақаулық туындағандай болса, оны дәрігерлердің көмегіне жүгініп, емдеу жағын қарастырған жөн. Мамандардың ұсынған зияны жоқ препараттарды ем үшін пайдалануға болады.


[1] Имам Тирмизи: Сүнән. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар» – деп емделу керектігін айтқан.
[2] Мәжәллә: «Дур’уль мәфәсид әулә мин жәлбиль мәнәфиъ». 30 мәдда. 

Абдусамат Қасым