Дәрілерге желатин қосылған болса, оны ішуге бола ма?
Дәрілерге желатин қосылған болса, оны ішуге бола ма?
5 жыл бұрын 6552

Әссәләмуғалейкум! Жалпы дəрілік заттарға доңыздың заты, яғни желатин қосылса, ішуге бола ма? Жəне спирттік сироп дəрілер жайында не дейсіз?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы бойынша, егер орнын басар өзге таза дәрі табылмаса, харам зат араласқан дәріні қолдануға рұқсат[1]. Сондай-ақ, құрамында харам зат бар дәрі, өзге дәріден қарағанда әсерін тез тигізетіндігі нақтыланса, ол жағдайда да қолданудың күнәсі жоқ дейтін Ханафи ғалымдары бар[2].  

Ендеше, құрамында желатин бар дәрілерді де осы ережеге сәйкес қарастырған жөн: Егер, орнын басар өзге дәрі табылмаса, немесе дәрігер дәл сол препаратты ғана қабылдауды нұсқаса, ондай жағдайда, амал жоқ рұқсат. Алла Тағала пендесіне жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды. (Аят). 

Осы тұрғыда, Ханафи мәзхабында «инқиләбуль айн» дейтін қағида бар, яғни «болмысының өзгеруі». Бұл қағида негізінде дәрідегі харам зат (біздің жағдайда желатин) - өндіріс процесі кезінде өзінің табиғаты мен болмысын (химиялық структурасын) түбегейлі жоғалтып, басқа бір затқа өзгеретіндігі (реакцияға ұшырайтындығы) зерттеу нәтижесінде анықталып жатса, оның алдыңғы үкімі де сол күйінше жоғалып, халал үкімін алады.

Сироп түріндегі дәріге байланысты айтар болсақ, бүгінде құрамында спирт жоқ дәріні табу қиынның-қиыны екендігі белгілі. Сол себепті, «умумуль бәлуә» қағидаты негізінде, спирт қосылған дәрілерді ішуге шариғатта кешірім бар десек қателеспеспіз. 

Умумуль-бәлуә дегеніміз, бойды аулақ ұстау қиынға соғатындай дәрежеде әлдебір мәселенің қоғамда кең етек алуы. Мұндай кездерде дініміз кеңшілік етеді. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтәр – 7/480 бет: «Харам нәрседе шипа бары білінсе, әрі одан өзге дәрі табылмаса, қолдануға рұқсат...».
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтәр – 7/480 бет: «Егер, мұсылман дәрігер харам заттан тез емделесін деп айтса, ол жағдайға қатысты екі пікір бар (бірінде – рұқсат; екіншінде - рұқсат емес)».

Абдусамат Қасым