Үйленіп, бірақ қосылмай тұрып ажырасқан болса, әйелдің мәһрі (неке сыйы) беріле ме?
Үйленіп, бірақ қосылмай тұрып ажырасқан болса, әйелдің мәһрі (неке сыйы) беріле ме?
4 жыл бұрын 5567

Ассаляму алейкум! Үйленген, бірақ төсекте қосылмай тұрып ажырасқан жағдайда әйелге мәһр мүлдем берілмей ме, әлде жартысы беріле ме? Нұрлыбек Мұсағалиұлы,

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам дінінде ерлі-зайыптылар некелесіп, бірақ жақындаспай күйеуі әйелін талақ еткен болса, онда келісілген мәһрдің жартысы беріледі. Толық берілмейді. Бұған қатысты Құран Кәрімде былай делінген:

وَإِن طَلَّقْتُمُوهُنَّ مِن قَبْلِ أَن تَمَسُّوهُنَّ وَقَدْ فَرَضْتُمْ لَهُنَّ فَرِيضَةً فَنِصْفُ مَا فَرَضْتُمْ إِلَّا أَن يَعْفُونَ أَوْ يَعْفُوَ الَّذِي بِيَدِهِ عُقْدَةُ النِّكَاحِ ۚ وَأَن تَعْفُوا أَقْرَبُ لِلتَّقْوَىٰ ۚ وَلَا تَنسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

«Егер олармен мәһрді бекітіп қойып, (бірақ) жақындасудан бұрын талақ қылсаңдар, онда бекіткен мәһрдің жарымы оларға тән. Алайда, әйел кешсе (келісілген мәһрді кешсе) немесе некенің түйіні қолында болған кісі (күйеуі) кеңшілік етсе (яғни, мәһрдің бәрін тұтас берсе) ол басқа. Кеңшілік етулерің тақуалыққа жақынырақ. Сондай-ақ өз араларыңда кеңшілікті ұмытпаңдар. Шәксіз Алла не істегендеріңді толық көруші»[1].

Бірақ, бұл жерде ескерер маңызды нәрсе бар.

Егер, төсек қатынасы орын алмағанымен, екеуінің арасында «хүлуәтус сахиха», яғни, «кедергісіз оңашалану» орын алған болса, онда жақындаспаса да келісілген мәһр толық берілуі керек. Хүлуәтус сахиха деген не?

«Хүлуәтус сахиха» деп, ерлі-зайыптылардың некеден кейін жақындасуларына ешқандай шариғи немесе табиғи кедергі болмаған оңашалануды айтамыз. Мысалы, жақындасуға орайсыз жер немесе қастарында үшінші біреудің болуы, Рамазан оразасын ұстау, парыз намазын оқу, әйелде хайыздың келуі, қажылықта ихрамда болу, екеуінің біреуі сырқаттанып тұруы, қынаптың бітеулігі т.б. – бұндай кедергілер барда «кедергісіз оңашалану», яғни, «хүлуәтус сахиха» үкімі туындамайды. Мәселен, әйелдің хайызы келген болса, екеуі некеден кейін оңаша қалса да арада қатынастың жүзеге аспасы анық, өйткені хайыз кедергі, сол себепті, арада «хүлуәтус сахиха» үкімі туындамайды. Сондай-ақ, адамдардың кіріп-шығып жүретін бөлмеде оңаша қалса да «хүлуәтус сахиха» туындамайды.

Ал, егер, мысалы, неке қиғаннан кейін ерлі-зайыптылар ешкім кірмейтін бір бөлмеде ешқандай кедергісіз оңаша қалатын болса, «хүлуәтус сахиха» туындап, жақындаспаса да жақындасқанның үкімін алады. Сол себепті, одан кейін талақ берілген жағдайда келісілген мәһр толықтай беріледі. Бұнымен қатар, хүлуәтус сахиха орын алған жағдайда: иддет мезгілін күту, нәпақамен қамтамасыз ету, көтерген баланың тегінің күйеуіне тән болуы сияқты үкімдер де туындайды[2].

Қорыта айтқанда, некелі жарымен жақындаспаса, сондай-ақ, кедергісіз оңашалану жағдайы да орын алмаса, ажырасқан жағдайда келісілген мәһрдің жартысы ғана берілуі керек.


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 237 аят.
[2] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар». 4/250 бет; Имам Маусули: «Ихтияр». 2 /129 бет; Бәдруддин әл-Айни: «әл-Бинәя», 5/142 бет.

Абдусамат Қасым