Сәлеметсіз бе! «Күйеуім «талақ, талақ» деп айтса, онысы талақ болып санала ма, «мен сені талақ еттім» демеді? Некеміз бар ма? Оның алдында бір рет айтқан. Анон.
Күйеуім «талақ, талақ» деп айтса, онысы талақ болып санала ма, «мен сені талақ еттім» демеді?
|

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин, уассаләту уәссәләму аля Расулиһиль кәрим.
Құрметті сауал жолдаушы, Ханафи мәзхабы бойынша талақ болып есептелу үшін «талақ» сөзін кімге қарасты айтылғанын нақты білдіретін сөздерді қоса айту керек. Мысалы, әйеліне қарасты «мен сені талақ еттім», «пәленше қызы пәленше сені талақ қылдым», яки, сыртынан «пәленшені талақ қылдым», «әйеліме талағын бердім», «оны талақ қылдым» дегені сияқты(1). Ал жай ғана «талақ,талақ» деуі шариғи тұрғыда талақ боп саналмайды, өйткені кімге қарасты айтылып тұрғаны және қандай мақсатта айтылып тұрғаны беймәлім, әрідесе "кинәя" сөздеріне де жатпайды, яғни, күмәнді. Ал, шариғат қағидасында: «әл-яқин лә язулу бишәкк» делінген. Оның мағынасы: «күмәнға сүйеніп нақты және айқын нәрсе жойылмайды» дегендік. Сәйкесінше, некелеріңіз бар, бұзылмаған деуге негіз бар. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
(1)Абдуррахман әл-Жәзири: "әл-Фиқһ аляль мәзәһибиль арбаға" - Китабут талақ, кинәятут талақ.




