Оразада сағыз шайнаса, оразасы бұзыла ма?
Оразада сағыз шайнаса, оразасы бұзыла ма?
1 ай бұрын 2279

Оразада сағыз шайнауға бола ма? Бір құрбым шайнап жүр.

Аузы берік мұсылман жаңа сағызды шайнаса, оразасы бұзылады, тіпті кәффарат керек болады. Өйткені, жаңа сағыздан тәтті бөлінеді, бұл болса - кәмпитті жеумен тең. Ал тәттісі кеткен ескі сағызды шайнау - мәкруһ. Алла елшісінің (с.а.у) жұбайы Үмму Хабибаның былай дегені деректерде келтірілген: «Аузы берік кісі сағыз шайнамайды»1.

Ескілікті Ханафи ғалымдары да оразада сағыз шайнауды: шайналған сағыз және шайналмаған сағыз деп бөледі, шайналған сағызды шайнау ораза кезінде мәкруһ болады, себебі одан ешнәрсе ішке кетпейді, ал шайналмаған сағыз оразаны бұзады, өйткені оның бөлшектері ішке кетеді делінген. Имам Сарахси рахимаһуллаһ (м. 1009-1096 ж.) былай деген: «Егер сағыз шайналған болса, аузы берік адамға сағыз шайнау - мәкруһ, оразаны бұзбайды... өйткені сағыздың өзі тамаққа кетпейді, оның дәмі ғана сезіледі, бұл шайналған сағызға қатысты. Ал шайналмаған сағыз болса, оразасын бұзады, өйткені оның бөлшектері бөлініп, сілекейімен тамағына кетеді»2. 

Демек, аузы берік кезде жаңа сағызды шайнаған кісінің оразасы бұзылады, ал әбден шайналған сағызды шайнаса оразасы бұзылмайды, бірақ мәкруһ болады. Оразадан тыс уақыттарда сағыз шайнау мубах саналған. 


1  Имам Бәйһәқи: «әс-Сүнәнуль Кубро».
2  Имам Сарахси: «әл-Мәбсут». Китабус Саум.

Абдусамат Қасым