Умра қажылығында тауаф жасап жүріп дәрет бұзылса, не істейді?
Умра қажылығында тауаф жасап жүріп дәрет бұзылса, не істейді?
11 күн бұрын 1620

Ихрам киіп тауап етіп жүргенде, безеулері жарылып арқасы қайта қайта қанай берсе, Умрасы дұрыс бола ма, не істеу керек, үзір бола ма? Еркебұлан.

 

Ханафи мәзхабы бойынша қағбаны «Тауаф» жасап жүріп дәреті бұзылған кісі, дәретін жаңалап келіп, тоқтаған жерінен тауафын жалғастырып кете береді. Бұған қатысты Имам Мұхаммед (р.а.) өзінің «әл-Хүжжә» атты еңбегінде былай деген:

«Мұхаммед Әбу Ханифаның былай дегенін жеткізеді: «Кімде-кімнің қағбаны тауаф жасап жүріп дәреті бұзылса, егер онысы уәжіп тауафты орындау барысында орын алса, ол шығып, дәрет алып келеді де, артынан тауафын (келген жерінен) тәмәмдайды. Бұл нәпіл тауафта да солай»1.

Сондықтан да, сіздің жағдайда дәретіңіз бұзылған болса, дәретті жаңалап келіп, тоқтаған жерден тауафыңызды тәмәмдайсыз, ал егер дәрет бұзыла беріп жатса, тауафыңызды сол күйінше толық жасап, артынан бір қой құрбан шалсаңыз жеткілікті деген ойдамыз. Себебі, Ханафи мәзхабында дәретті болу тауафтың шарттарынан емес, уәжіптерінен. Сондықтан да, дәретсіз тауаф жасаған кісі тауафын қайта орындағаны абзал делінген, болмаса бір қой құрбан шалады деп жазады ғалымдар2. Дейтұрғанмен Меккеден кетпей тұрып тауафыңызды қайта жасасаңыз, құрбан шалу шарт емес.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


1  Имам Мұхаммед: «әл-Жүжжә аля әһлил Мәдинә». Тауаф.
2  وَهُوَ أَنَّ طَوَافَ الْمُحْدِثِ مُعْتَدٌّ بِهِ عِنْدَنَا، وَلَكِنَّ الْأَفْضَلَ أَنْ يُعِيدَهُ، وَإِنْ لَمْ يُعِدْهُ فَعَلَيْهِ دَمٌ. (Имам Сарахси: «әл-Мәбсут», Тауаф тарауы).

Абдусамат Қасым