Бір мезетте айтылған үш талақ қанша талаққа саналады?
Бір мезетте айтылған үш талақ қанша талаққа саналады?
5 жыл бұрын 15848

Әссәләмуғалейкум! Осыдан 8-9 жыл бұрын күйеміммен ұрысып қалған жағдай бар еді. Маған 3 талақ қойған болатын. Ол кезде оның мағынасын түсінбеген екенмін. Енді, бес уақыт намаз оқып, ол нәрсенің жаман екенін түсініп отырмын. Не істесе болады? Шешімі бар ма? Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мына нәрсені айтып өтуіміз керек, бір мезгілде үш талақ айту – күнә. Ислам шариғатында ондай талақ айту тәсілін «бидъи талақ» деп атап, шариғаттың үйреткен ажырасу тәсіліне теріс екендігін білдірген. Әйелін бірден үш талақпен талақ еткен кісінің бұл әрекетін естіген ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) атып тұрып: «Менің көзім тірі кезде Алланың аяттарын мазақ еткісі келе  ме?!»[1], – деп ашуланады. Осыдан да үш талақты бірден айтудың қаншалықты күнә екендігін аңғару қиын емес.

Сахаба Абдулла ибн Омар бір кісінің үш талақты бірден айтқанын естігенде: 

«Әйелімен қайта некелесу құқы жойылды. Бұл әрекеті – Ұлы Раббысына қарсы келу болып табылады. Ол сүннетке теріс әрекет етіп отыр»[2], – деген.

Ендеше, ашулана қалса талақ айта салу – қате. Тәубе керек еттіретін әрекет. Әйелі де өз кезегінде парасаттылық танытып, күйеуін талақ айтатындай дәрежеге жеткізбеуі тиіс. Шайтанның ең үлкен жетістігі - ерлі-зайыптылардың арасын бұзу делінген. Ендеше, шайтанның араласуына жол берілмеуі ләзім.

Ендігі кезекте, бір мезетте айтылған үш талақтың үкіміне тоқталайық.

Деректерге қарағанда, бір мезгілде айтылған үш талаққа қатысты Фақиһтерден (фиқһ білгірлерінен) үш түрлі тұжырым жеткен. Олар қысқаша төмендегідей:

  1. Бір мезетте айтылған үш талақтан - үш талақ үкімі туындайды және әйелі үлкен байын талақпен талақ болады. Бұл – көпшілік ғұламалардың тоқтамы. Олардың арасында, төрт мәзхаб имамдары және Зәһирия мәзхабының ғалымдары бар. Сондай-ақ, Әбу Бәкір Сыддық пен төрт Абдулланы айтпағанда[3], сахабалардың көпшілігінің тұжырымы да осыған саяды. Тәбиғиндердің де көбі осыны құп көрген (үш талақ туындайтынын).
  2. Екінші тұжырым бойынша, ондайда ешқандай талақ үкімі туындамайды. Бұл – шиіттердегі «имамия» бағытының өкілдері ұстанатын тұжырым. (Имамия шиіттері – Иран Ислам республикасының ресми діни ұстанымы).
  3. Бір мезетте айтылған үш талақтан – бір рижғи талақ қана туындайды[4]. Мұндай тұжырымды көлденең тартушылар – Зәйдия мазхабы өкілдері, кейбір Заһирия мәзхабының ғалымдары, Ибн Исхақ, Таус және де Ибн Тәймия мен оның шәкірті Ибн Қаюм әл-Жәузий[5] .

Ендігі жерде, бұл мәселеде көпшілік ғұламалардың тұжырымы негіз екендігін айта кету керек. Бірақ, мәжбүр жағдайларда, мысалы, арада бала болып, ажырасқан жағдайда балалардың хәлі қиындап кететін болса, сондай-ақ, болашағынан үлкен үміт күттіретін отбасылардың ажырасқандарынан, ажыраспағандары дұрыс көріліп, әрі ері өкініп, енді ондай оқылыққа бармайтынына сенім білдірсе - бір мезетте айтылған үш талақты "бір талақ" ретінде санайтын пәтуаға сүйенуге рұқсат дейтін дін ғалымдарымыз бар[6].


[1] Даруқутни – 3/272 бет. №(55)3879 хадис.
[2] Даруқутни – 3/283 бет. №(84)3908 хадис.; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Китабут Талақ  - «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471.
[3] Төрт Абдулла: Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Амр, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Мәсғұд
[4] Әбу Дәуіттің Сүнән атты хадистер жинағында орын алған риуаятта Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Рүкәнә әйелін бір мезетте үш талақпен талақ еткен еді. Артынан ол ісіне қатты қайғырады. Сонда Алла елшісі одан: «Қалай талақ еткен едің?»-деп сұрайды. Ол: «Бір мезетте үш талақ айттым», - деп жауап береді. Алла елшісі: «Шынында ол – бір талақты білдіреді. Әйеліңді өзіңе қайтар», - деп айтады».
[5] Профессор доктор Уаһбәту аз-Зухәйли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу». 7 том.406 бет.
[6] Уаһбату Зухайли: «Фәтәуә Муъасыйра». 182 бет.

Абдусамат Қасым