«Ажырасам» деген сөз талаққа жата ма?
«Ажырасам» деген сөз талаққа жата ма?
11 жыл бұрын 6583

«Ажырасам» деген сөз «талақ» деген сөздің орнына жүре ме? Сотта үш рет «ажырасам» дегені «талаққа» жата ма? Мони.

Шариғатта некені бұзатын сөздер екі түрлі болып келеді:

  1. Ашық. Бұл категорияға кіретін сөз «талақ» сөзі. Әр елдің ана тіліндегі «талақ» мағынасына келетін сөздерді де осы топқа кіргіземіз[1].
  2. Ауыспалы (әл-киная). Ажырасу мағынасына да, өзге мағынада да қолданылуы мүмкін сөздер осы топқа жатады[2]. Мысалы «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» сияқты астарында нені мақсат етіп тұрғаны белгісіз сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады.

Біздің тілде некені бұзу сөзі көбіне «ажырасу» сөзімен білдіріліп жататындықтан, оны да «ашық сөздер» қатарына кіргізсек қателеспеспіз. Яғни, әйеліне «сенімен ажырастым» деген сөзі бір талақ орнына жүріп, ниеті қарастырылмайды.

Дегенмен, сіздің сұрағыңыздағы «ажырасамыз» немесе «ажырасамын» деп келер шақта айтылған сөз нақты кесіп емес, тек уәде түрінде немесе алдын ала хабарлау мақсатында айтылғандықтан, ол талақ болып есептелмейді. Бұндай жағдай күнделікті өмірде де көп кездеседі. Әсіресе, ұрыс үстінде мұндай сөздер айтылып қалуы мүмкін.

Ал, «сенімен ажырастым» деп нақ осы шақта айтылған сөз бір талаққа есеп.

Сот жүзінде ажырасқан әйел мен еркектің некелері бұзылады. Олар қайта қосылатын болса, некелерін жаңартулары керек. Ең дұрысы Аллаға мәлім! 


 

[1] Әл-Кәсәни, әл-Бадайғ, «Китабут Талақ» - 4/225 бет.
[2] Әл-Кәсәни, әл-Бадайғ, «Китабут Талақ» - 4/225 бет.
 

Абдусамат Қасым