"Қатынас кезінде сақтану бала өлтіргенмен тең деген сөз тарап жүр". Осы қаншалықты рас? (18+)
"Қатынас кезінде сақтану бала өлтіргенмен тең деген сөз тарап жүр". Осы қаншалықты рас? (18+)
2 жыл бұрын 9830

Ассаламуғалейкум ислам кз ұжымы! 

Ерлі зайыптылар арасында қатынаста сақтану мәселесі жайында. Сыртқа босату немесе мүшеқап қолдану адам өлтіргенмен тең деген сияқты айтылып жүр. Жауабын бере аласыздар ма? Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сұрақтағыдай амал жасау «адам өлтіргенмен тең» деген түсінік яһуди дініндегілердің түсінігі. Ислам дінінде ондай түсінік жоқ. Исламда адам болып қалған іштегі баланы аса зәру себепсіз түсік жасату адам өлтіргенмен тең болады, оны кей мәзхаб ғалымдары «40 күннен былай» деп есептеген. Ал қатынас кезінде ұрықты жатырға жібермей, сақтану амалын жасау адам өлтіргенмен тең болып есептелмейді. Мұны шариғатта «азл» дейді. ("Азл" немесе "ъазл" деген – қатынас кезінде мәниді жатырға жібермей сыртқа ағызу тәсілі).

Бұған байланысты Сахаба Әбу Саъид әл-Худри (р.а.) мынадай хадис жеткізген:

وعن أبي سعيد قال : { قالت اليهود : العزل الموءودة الصغرى ، فقال النبي صلى الله عليه وسلم : كذبت يهود ، إن الله عز وجل لو أراد أن يخلق شيئا لم يستطع أحد أن يصرفه } رواه أحمد وأبو داود

 «Яһуди дініндегілер «сыртқа босатуды - кіші бала көму ісі» деді (яғни, кіші бала өлтіру ісі деді). Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәләмі болсын): «Яһудилер жалған айтады. Сөзсіз егер Алла Тағала бір жанды жаратқысы келсе, оған ешкім кедергі бола алмас еді» - деді» - дейді ардақты сахаба1.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жерде яһуди дініндегілердің «сыртқа босату - бала өлтіргенмен тең» деген түсінігін жоққа шығарып, қатынас барысында «азл» ісіне рұқсат етіп тұр, алайда егер Алла бала болуын қаласа, қанша сақтанса да, ол бала бәрібір бойға бітеді дегенді де ескертіп отыр.

Сондықтан да, жүктілікті болдырмау үшін сыртқа босату немесе мүшеқап қолдану, егер әйелінің де келісімі бар болса, дінімізде рұқсат амал саналады.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Әбу Дәуід: «Сүнән»; Имам Ахмед: «Мүснәд».

Абдусамат Қасым