Қайтыс болған кісінің есімін балаға қоюға бола ма?
Қайтыс болған кісінің есімін балаға қоюға бола ма?
4 жыл бұрын 12610

Сәлемәтсіз бе! Кішкентай кезінде кайтыс болган адамнын есімін жаңа туған сәбиге коюға бола ма? Айгүл.

Сәлеметсіз бе!

"Қайтыс болған кісінің есімін беруге болмайды" деген наным өзге ұлттарда да кездеседі. Әсіресе, жастайынан қайтыс болып кетсе немесе қазаға ұшырап қайтыс болса яки өмірі қиындықпен өткен адам болса, сондай адамдардың есімдерін балаға беруден тартынып жатады. Мұндай қауіптің төркіні – қайтыс болған адамның есімін алса, тағдыры онымен тағдырлас болады деген нанымда жатыр. Одан да тереңірек үңілер болсақ - есім мен тағдырдың тығыз байланысы бар деген сенімге барып табан тірейді.  

Ислам дінінде "адам есімінің тағдырына әсері бары" жөнінде қандай да бір сенім жоқ. Кейбір риуаяттарға қарай отырып, есімнің де адамның алдағы өміріне әсері бар болуы мүмкін деген болжам жасалуы мүмкін, дегенмен «есімнің тағдырға әсері бар» дегенге саяр тікелей нақты дәлел кездеспеген. Сондықтан да, мұсылманшылықта «тағдыр» мен «адам есімі» арасында тылсым бір байланыс құрып, есімдердің астарынан сыр іздеу әдеті жоқ. Өйткені Ислам діні өмірге шынайы көзқараспен қарауды үйретеді. Мәселен, жақсы адамның есімі қойылып, бірақ кейіннен теріс жолда жүрген қаншама адам бар өмірде. Керісінше де солай. Жаман адаммен аттас, бірақ тағдырлары мүлдем бөлек кісілер де аз емес... 

Ендеше, қайтыс болған кісінің есімін қоюдың діни тұрғыда бір ағаттығы жоқ. Оның тағдырымен тағдырлас болады деген наным негізсіз. Қандай есім қоямын десе де, кімнің есімін қоямын десе де, ата-ананың өз еркі. Тек есім қоярда көркем есімдерді таңдаған дұрыс. Өйткені, мұсылман дінінде балаға жақсы есім қою - баланың ата-анасындағы ақысы саналады. Осы тұрғыда, халық арасында атақты кісілердің есімдерін ырымдап қою әдеті бары белгілі, ол әбес емес.

Абдусамат Қасым