Өмірден өткен ата-анамның атынан қандай амалдар жасауға болады?
Өмірден өткен ата-анамның атынан қандай амалдар жасауға болады?
4 жыл бұрын 17765

Әссәләму аләйкум! Өмірден өткен адамның атынан қандай амалдар жасауға болады? Нұрмахан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кісінің бақилық болған ата-анасының атынан немесе туысының атынан мынадай амалдар жасауы сауапты:

1. Күнәсі үшін кешірім тілеу. Мұсылман кісінің әр намаздан кейін мархұм болып кеткен ата-анасының бұ дүниедегі біліп не білмей істеген күнәсі үшін Құдайдан кешірім тілеп, оларға жарылқау сұрағаны жақсы. Алла елшісі (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде бұған байланысты былай деген: «(О дүниеде) кісінің пейіштегі дәрежесі көтеріледі. Сол кезде ол (түсінбей): «Маған бұл қайдан? (Не үшін мұндай мәртебеге көтерілдім?)» - деп сұрайды. Сонда оған: «Балаңның сен үшін Алладан тілеген кешірімі себепті» - делінеді», - деген. («Ибн Мәжә»).

2. Садақа беру. Мархұмның атынан шама-шарқыңызша садақа беріп тұруға болады. «Сахих Бұхариде» орын алған риуаяттың бірінде мынадай оқиға баян етілген. Саъд ибн Ъубада есімді сахабаның өзі жоқта анасы қайтыс болады. Соған орай, ол Алла елшісіне келіп: «Уа, Расулалла! Мен жоқта анам бақилық болыпты. Егер, оның атынан садақа берсем, оған пайдасы тие ме? – деп сұрайды. «Иә», - деп жауап береді Алла елшісі. Сонда әлгі сахаба: «Сені куә етемін! Мен өзімнің «Михраф» атты құрма бақшамды анамның атынан садақаға бердім», - дейді. («Сахих Бұхари»).    

3. Оқыған Құраныңыздың сауабын бағыштау. Алла елшісі бір сөзінде: «Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар», - деп кеңес еткен. (Имам Әбу Дәуід: «Сүнән», Имам Ахмед: «Мүснәд»).

4. Оқыған намаздары мен ұстаған оразаларының сауабын мархұмға бағыштау. Ханафи мәзхабы ғұламаларының бекіткен тұжырымы бойынша, кісі оқыған намазының, ұстаған оразасының, берген садақасының, жасаған зікірінің т.б. сауабын өзгеге (өліге де, тіріге де) бағыштай алады. (Ибн Нүжейм: «әл-Бахр», Мәрғинәни: «әл-Хидая»). Бағыштаушы кісінің өзіне де сауабы кемімей беріледі. Бұған қатысты Даруқутнидің хадистер жинағында келтірілген риуаятта, бір кісі Пайғамбарымызға келіп: «Уа Алла елшісі! Менің ата-анамның көзі тірісінде оларға жақсылығымды аяған емеспін. Олар о дүниелік болған жағдайда, ол екеуіне қалай пайдамды тигізсем болады?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ол кездегі жақсылығың – өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап намаз оқуың, өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап ораза ұстауың», - деп жауап берген екен. («Нәйлуль Аутар»).  

5. Мархұмның атынан құрбан айтта құрбан шалу. Имам Тирмизидің хадистер жинағында орын алған бір хадисте Әзіреті Әлидің құрбан айтта өзінің атынан әрі бақилық болып кеткен Пайғамбарымыздың атынан екі қой құрбан шалғандығы айтылады.

6. Мархұмның тірі кезінде оқымаған намаздары мен ұстамаған оразалары үшін пидия беру. Шариғатта қайтыс болған кісінің бұ дүниеде оқымаған намаздарының әр бірі үшін пітір садақаның көлеміндей садақа беріп тұру мүмкіндігі қарастырылған. Мұны фиқһ тілінде «Ысқат» немесе «Намаз пидиясы» дейді. Мұндағы мақсат – берілген садақа мархұмның оқымаған намаздарының орнын толтырмаса да, берілген пидия Алланың рахымына бөленуіне септігін тигізіп, оқымаған намаздары үшін кәффәрат болып қалар деген үміт. Бұны бір мезгілде беріп құтылу шарт емес. Ара-сыра мүмкіндік болғанда, осы ниетпен мұқтаж жанға садақа беріп тұруға болады.

Намаз пидиясы секілді, ұстамаған оразаларының әр күні үшін де мүмкіндік болғанда пітір садақасының көлеміндей садақа беріп тұрсаңыз болады. 

Жоғарыда сайып өткендеріміз әрбір мұсылманның орындауға күші жететін амалдар. Бұлардан өзге, өмірден өткен ата-анасының атынан мешіт-медресе салдыруға болады, оқу орындар мен ауруханалар салдыруға болады, жол жөндеп, көпір соғуға болады т.б. қоғам игілігіне жарайтын істі Алла ризалығы үшін мархұмның атынан ниет етіп жасауға болады. Сауабы Алланың қалауымен мархұмдарға жеткеріледі.

Алла Тағала бақилық болып кеткен барша мүмін-мұсылмандардың рухын шад-шадман еткей!

Абдусамат Қасым