Мұсылман мұсылманға кәпір десе, діннен шыға ма?
Мұсылман мұсылманға кәпір десе, діннен шыға ма?
4 жыл бұрын 6514

Әссәләмуғалейкум! Сұрақ қояйын деп едім. Егер мұсылман мұсылманға кәпір десе, діннен шыға ма? Нұрсезім.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мұсылман мұсылманға «кәпір» дегені үшін діннен шықпайды. Бірақ үлкен күнә жасаған болады. Өйткені мұсылман дін бауырын күпірлікпен айыптау харам саналған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис шәрифінде ол нәрсенің ауыр күнә екендігін білдіре отырып былай деп ескертеді:

 عَبْدِ اللهِ بْنِ عُمَرَ رضي الله عنهما قال: قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وآله وسلم: «أَيُّمَا امْرِئٍ قَالَ لأَخِيهِ: يَا كَافِر؛ فَقَدْ بَاءَ بِهَا أَحَدُهُمَا؛ إِنْ كَانَ كَمَا قَالَ، وَإِلا رَجَعَتْ عَلَيْهِ» رواه مسلم.

«Қайсыбір кісі өзінің дін бауырына: «Ей, Кәпір» - десе, бұл сөз екеуінің біріне оралады. Егер, ол оның айтқаны сияқты болса, онда орынды. Олай болмаған жағдайда, бұл сөз айтушының өзіне оралмақ»[1].

Осы хадис шәрифтегі «өзіне оралады» деген сөзге хадисші ғұламалар түрлі түсіндірме жасаған. Алайда, ешкім олай айтушыны шынайы мағынада діннен шығып кетеді деп есептемеген.  

Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «айтушының өзіне оралады» деген сөзінің мәні неде?

Алла елшісінің ол сөзі мынадай мағыналарды білдіруі мүмкін:

  • Күпірліктің өзі емес, тәкфир жасаудың күнәсі, яғни, бір мұсылманды кәпірге шығарудың күнәсі айтушыға оралады делініп тұрған болуы мүмкін. Өйткені, мұсылманды себепсіз кәпірге шығару күнә.  
  • Дін бауырына кәпір деп айту – өзіне кәпір деумен пара-пар. Мұсылмандар бір дене іспетті. Сондықтан, ол өзге мұсылманды кәпір дегенімен, шын мәнісінде өзіне айтып тұрған сияқты болмақ.
  • Пайғамбарымыз ол сөзін - мұсылман адамға кәпір деуді рұқсат деп есептеп, олай деудің күнә екендігін жоққа шығарушы адамға қарасты айтып тұрған болуы мүмкін. Өйткені, ереже бойынша харамды халал деп есептейтін адам діннен шығады.  
  • Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол сөзі – біреуге кәпір деу болашақта өзін діннен шығарар әрекетке барып қоюына әкеп соғатындығын білдіріп тұрған болуы ықтимал. Осы тұрғыда қазақтың «күлме досқа, келер басқа» деген өнегелі сөзі ойға келеді.
  • Пайғамбарымыз «ол сөзі өзіне оралады» деу арқылы өзге мұсылманға кәпір деудің қаншалықты ауыр екендігін ұғындырғысы келген болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, бір мұсылманға «ей, кәпір» деу немесе себепсіз бір мұсылманды кәпірге шығару – айтушыны діннен шығармайды, бірақ ауыр күнә жасаған болып есептеледі. Ондай әрекеті үшін тәубе жасап, Алладан кешірім тілеуі тиіс. 


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым