Күн батқанда қанша уақыт баланы далаға шығармау керек?
Күн батқанда қанша уақыт баланы далаға шығармау керек?
1 жыл бұрын 5633 Фото: Zakon.kz / Павел Михеев

Ассалямуалейкум! Ақшам намазы кіргенде далаға шығуға болмайды дейді? Неше сағат шығуға болмайды? Тоғжан.

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті сауал жолдаушы, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күн батқан сәтте кішкене балаларды далаға шығармауды кеңес еткен. Бұл кеңес балаларға қатысты. Өйткені, күн батқан уақытта жын-шайтандар жер бетіне жайылады екен. Сол сәтте кішкене балаға залалдарын тигізіп қоймасын деген мақсатта Алла елшісі (с.а.у.) ескертіп отыр. Күн батқаннан белгілі уақыт өткеннен кейін барып, шығара беруге болады.

Ал енді қанша уақыт күту керек? - дегенге қатысты хадисте «кештің ағарғаны кеткенге дейін» делінген1. Осы хадистің арабша нұсқасындағы «فَحْمَةُ الْعِشَاءِ» сөзін Ханафи ғалымы әл-Жассас (рахимаһуллаһ): «көкжиектегі ағарған» деп түсініктеме жасаған2. Күн батқаннан соң батыс жақта қызыл шапақ кетіп, артынан көкжиекте ағарған пайда болады, сол ағарған кеткен сәт - Құптан намазының уақыты кірген сәт болмақ.

Демек, кешке ақшам намазының уақыты кірген сәттен бастап, құптан уақыты кірген сәтке дейін кішкене балаларды далаға шығармай тұрған абзал екен. Қысқаша айтқанда, кешке балаларды шығармайтын уақыт - ақшам мен құптан арасы екен. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  لَا تُرْسِلُوا فَوَاشِيَكُمْ وَصِبْيَانَكُمْ إِذَا غَابَتْ الشَّمْسُ حَتَّى تَذْهَبَ فَحْمَةُ الْعِشَاءِ فَإِنَّ الشَّيَاطِينَ تَنْبَعِثُ إِذَا غَابَتْ الشَّمْسُ حَتَّى تَذْهَبَ فَحْمَةُ الْعِشَاءِ. رواه مسلم.
2  Әбу Бәкір ар-Рази әл-Жассас: «Шарху Мухтәсари ат-Тахауи» - жолаушының намазы тақырыбы.

Абдусамат Қасым