Чикагода бір мешітте екі рет жұма оқылады. Қайсысына қатысқаным абзал?
Чикагода бір мешітте екі рет жұма оқылады. Қайсысына қатысқаным абзал?
7 ай бұрын 2576

Чикагода мешіт бар. Мешіт аз болғандықтан ба, жұма намазы екі рет оқылады. Сағат 1-ден 2-ге дейін бір рет жұма оқылып барлығы тарайды. Кешігіп келетіндер 2 мен 3-тің арасында оқылатын екінші жұма намазына қатысады. Енді сұрақ: 1. Осылай жұманы екі рет оқуға бола ма? 2. Мен қайсысына қатысуым керек?

Құрметті сауал жолдаушы, аса зәру жағдайда бір мешітте екі рет жұма намазын оқыса болады деп бүгінде дін ғалымдарының біразы айтқан, бірақ аса зәру жағдайларда ғана1. Мысалы, жалғыз-жарым мешіт қана болып, жамағат симай, далада да оқуға мүмкіндік болмағанда т.б.

Ескілікті шариғат кітаптарында, соның ішінде Ханафи фиқһ кітаптарында бір мешітте екі рет жұма намазын оқуға қатысты пәтуа кездеспеген, бірақ алғашқы буын ғұламалар арасында бір қалада бірнеше мешітте жұма намазын оқу мәселесі талқыланған болатын. Өйткені, алғашқы кезеңдерде жұма тек бір ғана мешітте оқылу керек деп қабыл етілді, алайда, уақыт өте келе қала тұрғындарының қатары көбейіп, бір мешітте намаз оқу қиындық тудырғандықтан, кейінгі буын ғалымдар зәрулік себепті бір қаланың бірнеше мешітінде жұма намазы оқылсын деп байлам жасады. Содан бері, міне әлемнің барлық жерінде бір қаланың бірнеше мешітінде жұма намазы оқылып келеді. Сіздің сұрап отырған мәселеге қатысты қазіргі дін ғалымдарының бірсыпырасы осындай зәрулікті негізге алып, рұқсат деп тоқтам жасаған.

Енді «қайсысына қатысқаным абзал?» деген сауалыңызға айтарымыз:

Бірінші оқылатын жұмаға қатысқаныңыз абзал, өйткені бірінші оқылатыны - негіз (онда да, егер оның уақыты бесіннің уақытына тура келсе). Ал екінші оқылатын жұмаға қатысар болсаңыз, жұманың артынан өз бетіңізше сол күнгі бесіннің парызын оқып алыңыз. Оны бұрынғы Ханафи ғалымдары «зуһри ахир» деп атаған.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1Европа пәтуа және зерттеу кеңесі; Мысыр, Пәтуа үйі (Дәруль Ифта) т.б.