Дінде баланы жоспарлап көтеруге, яғни, «жоспарлы жүктілікке» рұқсат па?
Дінде баланы жоспарлап көтеруге, яғни, «жоспарлы жүктілікке» рұқсат па?
2 жыл бұрын 3339

Саламатсыздар ма? Баланы жоспарлап көтеруге боладыма? Алде шариғатқа қайшы келе ме? Қ.

Бисмилләһир рахманир рахим

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал жолдаушы, сауалыңыздағы мәселеде «жоспарлы жүктілік» дегенді меңзеп тұрсаңыз, жоспарлы жүктілік – құдай қанша берсе сонша бала дүниеге әкелем деп емес, есеппен көтеру дегенді білдіреді. Мұның дінге қайшылығы бар ма?

Мынаны білгеніміз жөн, үйленіп, дүниеге перзент әкелу ісі әркімнің түйсігіндегі табиғи құбылыс болғандықтан, дініміз бала дүниеге әкелу ісін міндеттемей, ерлі-зайыптылардың еркіне қалдырған. Бірақ «үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» дей келе, үйленіп, ұрпақ көбейтуді ұнамды санаған1.

Ендеше, дінімізде ұрпақ сүю әр ата-ананың өз қалауындағы дүние болғандықтан, баланы жоспарлап көтеру де күнә саналмайды. Қанша бала дүниеге әкелем десе де, ата-ананың өз еркі. Сол себепті де, Ислам дінінде «жүктіліктің алдын алу тәсілдерін» қолдану ісі күнә саналмаған. Мысалы, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында кей сахабалар жүктілікті болдырмас үшін, қатынас кезінде ұрықты жатырға жібермей сыртқа ағызатын, мұны «ъазл» дейді. Алла елшісі (с.а.у.) оларды бұл істен тыймаған2. Осыдан да келіп, баланы есеппен көтерудің күнәсі жоқ екендігін ұғынамыз.

Алла Тағала барша отбасыға баяндылық берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин. 


«Күйеуін жақсы көретін әрі бала көтеретін әйелге үйленіңдер. Мен сендердің көп болғандарыңмен мақтанамын». Хадис, (Әбу Дәуід, Китабун Никах, 2050-хадис).
Сахаба Жәбір ибн Абдулла (р.а.) бұл жайында былай дейді: «Біз Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) кезінде ъазл жасайтын едік. Ол жайында (яғни, олай істейтініміз жайында) Алла елшісі (ғалеһиссәләм) хабардар болғанда (яғни, естігенде), ол одан тыймады». (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).

 

 

Абдусамат Қасым