Бүгінде көп әйел кісілер орамалсыз жүреді, оларға көз түссе немесе қарауға тура келсе, күнә жазыла ма?
Бүгінде көп әйел кісілер орамалсыз жүреді, оларға көз түссе немесе қарауға тура келсе, күнә жазыла ма?
2 жыл бұрын 8224

Әссәләмуалейкум! Қиын сұрағым бар. Басқаларға да пайдасы тиер. Ер азаматтар болса қарындас-әпкелеріне ескертер. Әурет жерлерді жабыңдар деумен қатар, әурет жерге қарамаңдар, жүздеріңді төмен түсіріңдер деп катты ескертті. Жартылай жалаңаш қыздарды айтпағанда, ақылды, инабатты әйелдердің 90 пайызының өзі жалаңбас жүреді (шаш көрсетіп). Балиғатқа толған қыздан бастап 90 дағы апаға дейін. Көп жағдайда апалар орамал тағады. Керісінше қыздардың әдемі шашына шахуатпен қарайды деп ойлаймын. Бір тал шаштың өзі әурет деп айтылды.

Енді сұрак: Тақуа иманды ер адамдар орамалы жоқ әйел адамның жүзіне қараса, шашына көздері түседі. Шаш әурет болса, бөтен әйелдің шашына қараған ер адамға күнә жазыла ма? Мысалы, ер адам саудамен айналысатын болса, оған әйел келсе затын сатып алуға, ашық тұрған қолына, мойнына, шашына көздері түспеуі мүмкін емес. Ислам Иманым.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам шариғатында «умумуль-бәлуә» дейтін ереже бар. Ол дегеніміз, бойды аулақ ұстау қиынға соғатындай деңгейде әлдебір күнәнің қоғамда кең етек алуы деген сөз. Мұндай жағдай мұсылман үшін үзір саналып, күнә жазылмайды.

Умумуль-бәлуа қағидасына қазіргі күннен мысал берер болсақ: Өсіммен айналысатын банкте ақша сақтап, банк арқылы айлық алу, еркегі-әйелі аралас мінетін автобустармен жүру, ер балалар мен қыздар бірге оқитын жоғарғы оқу орындарында оқу, арақ-шарап сатылатын азық-түлік дүкендерінен азық-түлік алу т.б. қазіргі таңдағы шариғатқа келіңкіремейтін, алайда бойды аулақ ұстау мүмкін болмаған жағдайлар умумуль-бәлуәға мысал бола алады. Мұндай жағдайларда діндар мұсылман үшін үзір бар, оған ол үшін күнә жазылмайды. Өйткені, Алла Тағала пендесіне тек шамасы жететінді ғана міндеттеген1.

Тура сол секілді, қазіргі қоғамдағы әйел кісілердің ашық-шашық, орамалсыз, хижабсыз жүру жағдайының кең етек алуын да «умумуль-бәлуә» қағидаты аясында қарауға болады дейді ғалымдар2. Бұл дегеніміз, бір мұсылманның бөтен ойсыз, басы ашық әйел адамға еріксіз көзі түсіп кетсе немесе дүкендерде болсын, жұмыс орындарында болсын, не қоғамдық көліктерде болсын, қарауға тура келетін жағдайлар туындаса, мұсылман үшін ол нәрсе үзір саналып, күнә жазылмайды. Алайда, басқа бір шариғи қағидада - «Зәруліктер мөлшерімен өлшенеді» делінген3. Сондықтан да, «үзір» екен деп, өткен-кеткен әйел баласына көз сүзіп, қажетсіз қарай беруге де болмайтындығын ескергеніміз жөн.

Қорыта айтқанда, арада туыстығы жоқ хижабсыз әйел кісіге көшеде, қоғамдық жерлерде еріксіз қарап қойса немесе бөтен ойсыз, қажет болғандықтан қарауға тура келсе, ол үшін оған күнә жазылмайды. Алайда, қажет болмаса да құмарлықпен көз сүзіп қарайтын болса күнә жазылады. Мұсылман адамның қажет болмаса, көзді төмен салып, бөтен әйелге қарамағаны дұрыс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Мүмін еркектерге айт: көздерін төмен салсын және әурет жерлерін қорғасын» - деп бұйырған4. Аяттағы «көздерін төмен салсын...» дегені – бөтен қыз-келіншектерге қарамасын дегені, ал «әурет жерлерін қорғасын...» дегені – зина жасамасын дегені.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин. 


1 Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 286 аят.
2 Мұстафа Зарқа: «Фәтәуә», 264 бет.
3الضرورات تَقَدَّر بقَدْرِها
4 Құран Кәрім, «Нұр» сүресі, 30 аят.

Абдусамат Қасым