Аяғы ауыр әйел дүние салса, пейіштік бола ма?
Аяғы ауыр әйел дүние салса, пейіштік бола ма?
4 жыл бұрын 7962

 Ассаляму алейкум! Аяғы ауыр әйел дүние салса жәннәттық деген хабарлар келген бе? Әділет Жақсығали.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, деректерге қарағанда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегендігі риуаят етіледі:

والمرأة تموت بجمع شهيد

«Аяғы ауыр болған күйі қайтыс болған әйел шейіт болады»[1].

Хадистің арабшасындағы «би-жумъин шәһид» сөзін Имам Нәуәуи: «ішіндегі баласы қалыптасқан әйелдің аяғы ауыр күйде қайтыс болуы», - деп түсіндіреді.

Ханафи ғалымы Мулла Алиюль Қари ол сөзге: «ішінде баласы болған күйі», - деп анықтама берген[2].

«Босанып жатып қайтыс болса...» деп түсінгендер де бар.

Демек, бір мұсылман әйел адам аяғы ауыр күйінде немесе босанып жатқан сәтінде дүние салған болса, ақыреттік шейіт саналып, о дүниеде шейіттік мәмілесін көреді, яғни, пейіштік болады деуге негіз бар.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Мәлик: «Муатта»; Имам Ахмад: «Мүснәд»; Имам Әбу Дәуід: «Сүнән».
[2] Мулла Алиюль Қари: «Мирқатуль Мәфәтих».

Абдусамат Қасым